Қырғызстан билігі шенеуніктердің ұлан-асыр той жасауына тыйым салмақ
Қырғызстан билігі шенеуніктердің ұлан-асыр той жасауына тыйым салмақ
8 жыл бұрын 3086

Қырғызстан билігі шенеуніктердің ұлан-асыр той жасауына тыйым салғалы отыр. Тіпті бұл өзгерісті заңды түрде бекітпекші. Қазір аталған жоба депутаттардың қарауында жатыр. Биліктің мұндай қадамға баруына соңғы кезде мемлекеттік қызметкерлер жасаған салтанатты шаралар төңірегінде сұрақтардың көбейіп кетуі түрткі болған. Қай қырғыз болса да, қалтасындағы соңғы ақшасын шашып немесе қарызға белшеден батып ұлан-асыр той жасағанға құмар. Тіпті шенеуніктердің тойы бірнеше күнге созылған мерекеге айналады. Осындай қымбат шараларды қысқарту үшін парламент депутаттары тиісті заңнаманы қолға алды. Рыскелді Момбеков, Қырғыз Республикасы Парламентінің депутаты: - Шенеуніктер ұйымдастыратын ұлан-асыр тойлардың артында жемқорлық тұр. Сондықтан біздің дәстүрді ретке келтіретін заңды талқылап жатырмыз. Енді депутаттар шенеуніктерді қонағы 150 адамнан аспайтын, бір күнде бітетін қарапайым той өткізуге міндеттемек. Ал қыдыру кезіндегі салтанатты шеруде 5 көліктен көп болмау керек. Мұндай шектеулер туған күн, тіпті жерлеу рәсіміне де қатысты болмақ. Бұл мемлекеттік қызметтегілерге ғана қатысты болса да, қарапайым халық қазірден бастап алаңдап отыр. Нұрайым Жақшылықова, Бішкек тұрғыны: - Мәселен, мен жуырда тұрмысқа шығамын. Тойымда 300-ден аса қонақ болады. Адамдардың санын қалай шектейміз. Туыстарымыз бар, достарымыз бар. Алайда, бұл заңды қолдаушылар да жоқ емес. Асан Гасанов, Бішкек тұрғыны: - Экономикалық дағдарыс кезінде ақша шашудың не қажеті бар? Менің ойымша 100-150 адам жеткілікті. Мәселен, оңтүстік жақта бір депутат 40 мың қонақ шақырыпты. Жаңа заңды сынаушылар құжат қабылданса да, оған мойынұсынатын ешкім болмайды деп отыр. Себебі тойға келген қонақтардың санын есептеп отыратын орган жоқ, оның үстіне заң шикі әрі жүйесіз.

 

0 пікір
Мұрағат