Қырғызстан бет бүркеуге тыйым салмақ
Қырғызстан бет бүркеуге тыйым салмақ
1 жыл бұрын 869 orda.kz Ильдар Адильченов

Өзбекстан парламенті қоғамдық орындарда бетті жасыратын киім киюге заңнамалық деңгейде тыйым салды. Қырғызстан көршілерінен үлгі алуға шешім қабылдады. Осындай ұсынысты депутат Шарапатқан Мәжитова айтты. Бұл туралы kaz.orda.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Айта кетейік, Мәжитова никаб пен хиджабқа тыйым салу туралы бастаманы 2022 жылы көтерген болатын. Бұл жолы депутат Өзбекстан тәжірибесіне тоқталып, Қырғызстанда радикалды діни ағымдар көбейгенін еске салды. 

«Көрші Өзбекстанда  дінді қатты ұстанады, бірақ олардың Конституциясында бұл ел зайырлы мемлекет, сондықтан қоғамдық орындарда бетперде киюге тыйым салынады деп жазылған. Ал қыздар мектепте орамал тақпайды. Олардың парламенті бұл туралы заң қабылдады. Бұл мұндай заңнаманы қабылдауға болатынын және бұл діндарлардың құқығына нұқсан келтірмейтіндігін білдіреді» деп келтіреді vesti.kg порталы депутаттың сөзін.

Мәжитова орамалға қарсы емес екенін, бірақ бетін жабудың қажеті жоқ деп есептейтінін түсіндірді.

«Ошта әрбір төртінші әйел бетперде киеді. Олардың саны күн сайын артып келеді. Сондықтан мен министрлер кабинетінен мемлекеттік деңгейде шара қабылдауды сұраймын, әйтпесе ертең кеш болады. Мемлекет бұл жағдайды қамтамасыз ету үшін шара қабылдауы керек»,- дейді депутат.

Еске салайық, Өзбекстан Олий Мажлисінің заң шығарушы (төменгі) палатасы көп әйел алуды насихаттағаны және әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын ашық айыптағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейтін заң жобасын қабылдаған болатын.

Сондай-ақ, депутаттар қоғамдық орындарда адамның бетін жасыратын немесе адамды тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салуды заңдастырды.

Бұған дейін Иранда міндетті түрде хиджаб кию туралы заң қайта қаралатыны белгілі болған еді. Иранның бас прокуроры заңның қайта қаралғанын хабарлады. Мохаммад Джафар Монтазеридің айтуынша, бұл мәселені парламент пен сот жүйесі қарастыруда.

0 пікір
Мұрағат