Қылмыстық жауапкершілік тарту жасын төмендетті
|
Қытай билігі ауыр қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын 14-тен 12-ге төмендетті. Бұл жайында islam.kz порталы Reuters ақпарат ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ресми хабарға қарағанда, аталған ел билігінің мұндай қадамға баруына кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыс жасаушылар қарасының күрт көбейіп кеткені түрткі болған. Қытайдың қылмыстық кодексіне енгізілген бұл тараптағы түзету бойынша ендігі жерде қасақана кісі өлтіру немесе дене жарақатын салу я болмаса өлімге жеткізетін әрекеттер (яғни, өз-өзіне қол жұмсауға дейін апарса) бойынша айыпталса, бұрынғыдай жасының 14-ке толғанына қарамайды, 12 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жаза тағайындалады. Аталмыш түзету 2021 жылдың наурыз айының 1-нен бастап қолданысқа енгізіледі. Бүгінде Қытай аумағында қылмыстық жауапкершілік жасы – 16, ал жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 14-16 (қасақана кісі өлтіру, адам зорлау, тонау бойынша айыпталған). 2018-2019 жылдары жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс саны 7 пайызға артып кеткен. Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған қылмыс түрлері: тонау, ұрлық-қарлық (яғни, бөгде біреудің дүние-мүлкіне заңсыз қол сұғу), төбелес, жаппай тәртіпсіздікке жол беру, зорлау, т.б.