Қоқысқа тасталған азықты пайдалануға рұқсат берілді
|

Германиядағы Гамбург билігі қала тұрғындарына қоқысқа тасталған, пайдалануға жарайтын азықты тұтынуға рұқсат берді. Өйткені, жыл сайын қоқысқа мерзімі өтпеген әрі пайдалануға жарайтын бір миллионнан аса азық-түлік тасталады. Бұл жайында Euronews ақпарат көзі хабар таратты. Осы уақытқа дейін қоқысқа тасталған заттар мен азықты алу қылмыс ретінде қарастырылып, заңмен жазаланатын. Гамбург парламентінің депутаты Тим Штеффен өзі көтерген бұл бастамаға сәйкес Twitter әлеуметтік желісіндегі аккаунтында былай деп жазыпты: «Тағамға дұрыс қарап үйренетін кез келді! Миллиондаған тонна азықты бостан-босқа лақтырып тастауға жол бермеу керек, ал қоқыстан азық алған адамды сотқа сүйремеу керек. Мұны қылмыстың құрамынан алып тастау керек!». Депутат мұнымен ғана шектеліп қалмай, ысырапшылдыққа қарсы заң жобасын өзі әзірлеп, оны аталған қала аумағында емес, күллі Германияда, яғни, федералды деңгейде қолданысқа енгізуге күш салатынын жеткізді. Бұдан бөлек, супермаркеттер желісіне сатылмаған және толық желінбеген азық-түлік пен тағамдарды мұқтаждарға таратып беруді міндеттемек.




