Қазақстандықтар Жапония аумағынан шыққаны үшін салық төлейді
|
Жапония билігі туристердің барлығын ел аумағынан шыққаны үшін салық төлеуге міндеттеді. 7 қаңтардан бастап күншығыс елінен ұшақпен немесе теңіз арқылы кеткен туристерден салық алына бастайды.
Жапонияда жүрген туристерге мемлекет аумағынан шығу үшін мың иен (3 500 теңге) көлемінде салық төлеуге тура келеді. Бұл заң барлық мемлекеттің азаматтары үшін бірдей, деп хабарлайды «РИА Новости» басылымына сілтеме жасап Stan.kz.
Әзірге мемлекет аумағына кіру визасы тегін күйінде қалады. Жергілікті биліктің есебінше, келесі жылға қарай Жапонияда 40 миллионға жуық саяхатшы саяхаттайды.
Мұндай салықтан жиналған ақша Жапонияның халықаралық әуежайларының өткізу қызметін жетілдіруге және туристер жиі тамашалайтын орындарды көріктендіруге жұмсалады.
Кеме және ұшақ экипажы Жапониядан шыққаны үшін ақша төлемейді. Салық туралы жаңа ережелер бойынша, депортацияланатын тұлғалар, 2 жасқа толмаған балалар, транзиттік жолаушылар, сонымен қатар елшілер мен үкіметтің арнайы рейстерінің жолаушылар салық төлеуге міндеттелмейді.
Сондай-ақ, күтпеген жағдай себебінен Жапонияға қонған ұшақ жолаушылары немесе ауа райының жайсыздығына байланысты портқа кірген ұшақтар мен кемелердің жолаушылары ақша төлеуге міндетті емес.
Жапонияда 7 қаңтарға дейін қайту билетін сатып алған туристер ел аумағынан шыққан кезде салық төлемейді.