Қауіпсіздікті ғарыштан қамтамасыз етуге көшті
|
Америкалық әскерилер жаудың баллистикалық зымыранының бетін қайтару үшін, яғни, ұшырылғанын дер кезінде байқап әрі межеленген жерге жеткенше залалсыздандыруға мүмкіндік беретін ғарыштық датчиктер мен қару түрін ойлап табуға кірісіп жатыр. Бұл жайында The Drive ақпарат көзінің авторы Джозеф Тревитик мәлім етті. Сарапшының айтуынша, АҚШ-тың зымыранға қарсы агенттікке қойылатын мұндай талап АҚШ сенаты мен конгресс өкілдері мақұлдаған 2019 жылдың әскери бюджетінде қарастырылған. Егер аталмыш заң жобасы Ақ үй қожайыны Дональд Трамп тарапынан қабылданса, Пентагон ғарышқа негізделген мұндай қару түрін, тіпті, зымыранға қарсы қорғанысқа арналған ұлттық стартегияны қайта қарастыруды қажет етсе де әзірлеуге кіріспек. Баллистикалық зымыранның ұшырылғанын байқауға мүмкіндік беретін датчик ғарышта 2022 жылы орналастырылуы мүмкін. Аталған ғарыштық құрылғы қауіп төндірген аймаққа бағдарланатын болады. Мұндай жүйе зымыранды траекторияның старттық аумағында байқауға мүмкіндік бермек. Стратегиялық қорғаныс бастамасы (SDI) бағдарламасын жасаушылардың бірі Анжело Кодевилла өз кезегінде осы заманғы ресейлік әрі қытайдың құрлықаралық баллистикалық зымыранына екі ғарыштық жүйе қарсы тұра алатынын мәлімдеді. Оның бірі - орбиталық, оптикалық датчиктер (зымыранның ұшырылған сәтін байқай алатын) және екіншісі - зымыранды жоятын лазер.