Қатерге толы тағы бір жыл
Қатерге толы тағы бір жыл
5 жыл бұрын 2515 forbes.kz Изабель Ортиз – Колумбия университеті Саяси диалог бастамасы аясындағы Жаһандық әлеуметтік әділдік бағдарламасының директоры, Халықаралық еңбек ұйымы мен UNICEF-тің директоры болған, БҰҰ-да және Азия даму банкінде лауазымды қызметтер атқарған

2019 жыл демонстрация көбейіп, теңсіздік артқан, әлемнің көп елінде өкілдік дағдырысы орнаған жыл болды. Әлем табиғаттың байлығын сарқып, рецессия мен жаңа дағдарысқа қарай кетіп барады. Үкіметтер мен жеке адамдар 2020 жылы бұл қауіпті тенденцияның бетін қайтара алады.

2020 жылы әлемнің 61 елінде президент немесе парламент сайлаулары өтеді. Азаматтардың көбі дәстүрлі, қарасүрлеу саясаттан жалыққан, олар өзгерісті қалайды, сол өзгеріске жету үшін олар жаңа партияларды таңдайды.

Қазіргі жағдайды өзгерту үшін бұл – үлкен мүмкіндік, дегенмен жаңа шығып жатқан көшбасшылардың көбі – билікке жетер жолында тұрған барлық кедергілерді жою үшін қазіргі проблемаларға әлеуметтік қамсыздандыру саясаты, мигранттар және кедейлер кінәлі деп көсемситін демагог әсіреұлтшылдар. Мәселен, Ұлыбританияда неолиберализмнен жапа шеккендердің көбі осындай саясаткерлерге дауыс берді, соның кесірінен әлем бұрынғыдан да теңсіз әрі қауіпті бола түсті.

Әлемдегі ең ықпалды держава – АҚШ-та көп нәрсе шешілуі керек. Көпшілігі әлемдегі жағдайдан бейхабар АҚШ азаматтарының 2020 жылғы президент сайлауында қалай дауыс берері жаһандағы басқа халықтың өміріне тікелей әсер етпек.

АҚШ президенті Дональд Трамп “Алдымен Америка” жобасы арқылы көпжақты институттарды, сауда келісімдерін және жаһандық бастамаларды жою арқылы әлемге көп әсерін тигізіп үлгерді. Америкалықтар риторикалық саясаттан басқа көп жақсылық көре алмады. Трамптың байлардың салығын қысқару, денсаулық сақтауға қолжетімділікті азайту және қорғаныс бюджетін арттыру бастамалары регрессияға бастап, теңсіздікті арттырды. 

Дегенмен, оңшылдар әлі де сайлауда жеңіп жатыр, оның бір себебі – олар дуал тұрғызу, Еуропа одағынан шығу сияқты “ақылға кірмейтін”, стандартқа сыймайтын ұсыныс тастау арқылы өзгерісті бәрінен жоғары қоятындардың көңілінен шығып жатыр.

Социал-демократтар 2020 жылы халыққа ұнайтын түбегейлі қоғамдық саясатты қолға алмайынша, радикал оңшылдар жеңе береді. Онымен бірге теңсіздік артып, экономикалық қатерлер артады, табиғаттың тозуы жалғасады.

Бұл жағдайға қалай келгенімізді бажайлау қиын емес. Қырық жыл үстем болған неолиберал саясат көп елдегі өмір стандарттарын нашарлатып жіберді. Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық ұйымдардың кеңесіне сүйенген солшыл әрі оңшыл үкіметтер бизнестегі бәсекеге басымдық беретін ұсынысқа бағытталған саясат жүргізді, бұл жалақының азаюына, еңбек нарығының тұрақсыздануына, корпоративтік салықтың төмендеуіне және табыстағы теңсіздікке алып келді. Компаниялардың бәсекеге қабілеті артып жатқанда өмір стандарттары төмендеп, халықтың қарызы ұлғайды, бұл әлемдегі сұраныстың бәсеңдеуіне алып келді. 

Оның үстіне үкіметтер әлеуметтік шығындарды азайтып, қоғамдық қызметтерді жекеге бере бастады. Ең қызығы – осы шығындарды азайтудан қалған ақшаның басым бөлігі өсімге серпін беру мақсатында салық жеңілдіктерін беріп, құтқару шараларын қолға алу жолымен жеке компанияларға көмектесуге жұмсалды. Сөйтіп, орташа азаматтар табысының едәуір азайғанын байқады, өсім де баяу жүрді, себебі неолибералдардың қысқамерзімдік саясаты шектен тыс өндіріс пен әлеуеттің шамадан тыс артуы сияқты  мәселенің ұзақмерзімдік себептерімен күресуге бағытталмады.

Қазіргі бағыт өзгермесе, 2020 жылы жаппай үнемдеу саясаты әрі қарай жалғасады, яғни зейнетақы мен жалақы азайып, әлеуметтік бағдарламалар мен еңбекті қорғау шарттары нашарлай береді. 2020 жылы үнемдеу “жаңа нормаға” айналып, әлемнің 113 елін, яғни әлем халқының 70 пайызын қамтиды, бұл қоғам наразылығын одан сайын арттырады.

Бір абсурд нәрсе – үкіметтердің көбі әлеуметтік шығындарды азайтқанымен, әскери шығындарды арттыр, ірі корпорацияларға бюджет ақшасынан бөліп, оларды еркінсітіп отыр. Әлем халқының жартысы кедей өмір сүріп жатқан тұста (күніне 5,5 АҚШ долларын табады) бұл 2020 жылы наразылық пен конфликтіні одан сайын күшейте түсетін сыңайлы.

Үнемдеудің қажеті жоқ. Тіпті ең кедей елдердің өзінде баламалар бар. Халықаралық еңбек ұйымы, БҰҰ-ның әйелдер ұйымы және UNISEF мемлекеттік қызметтерді қысқартпастан, тұрақты түрде ресурс алып тұруға болатын сегіз қаржы көзін ұсынды. Мәселен, мемлекеттер заңсыз қаржы ағындарын бітеп, қаржы төлеуден жалтарғандарды ауыздықтаса, салық жүйесін сатылы етсе, кедейлікті жақсырақ басқарып, кедейлер санын азайтса, анағұрлым бейімделгіш макроэкономикалық шаралар қолданса, бұл мәселелерді шешуге болады. Бұл жөнінен жетістікке жеткен елдер де көп.

Үкіметтер қатаң үнемдеуден бас тартса, 2020 жылы көп елдің ұлттық даму жолында табысын арттырғанын, халыққа пайдасы тиер әлеуметтік қызмет салаларына көбірек инвестиция салғанын, нағыз экономикалық бесенділік пен адам дамуына жол ашқанын, табиғатты қорғауда тұрақтылыққа қол жеткізгенін байқаған болар едік.

Қаржылық реттеуді жақсартып, қаржыландыру процестерін өзгертумен қатар бұл саясат рецессия мен БҰҰ, J.P. Morgan және Moody’s сияқты институттар болжаған ықтимал экономика және қаржы дағдардысының алдын алуға көмектескен болар еді.

Әлем 2020 жылы экономикалық апаттан аман қалған күннің өзінде табиғатты бүлдіру процесі әрі қарай жалғаса бермек. Жер шары жыл сайын 26 миллион гектар ағашынан айырылып жатыр. Ұлыбритания сияқты елдің аумағымен пара-пар бұл алқап – климатқа және жабайы табиғатқа қалқан болатын тропикалық ормандар.  Лайықты саясат қолға алынбайынша, орманнан айырылу, шектен тыс балық аулау, ауаны ластау, қоқыстың жиналуы сияқты мәселелер алдағы жылы тым үлкен мәселеге айналуы мүмкін.

Бұл – тек жекелеген мемлекеттердің мәселелері емес. Әлемдік мәселелерді әлемдік деңгейде шешу керек, сондықтан адамдардың өмірін жақсарту мәселесінде тұрақты шешімдер қабылдау үшін көпжақтылық саясаты бәсеңдемей, қайта оған басымдық берілуі тиіс.

Бәріміздің болашағымызды жақсартуға мүмкіндік бар. Үкіметтер мен қарапайым азаматтар 2020 жылы әлемді жақсарта алады. Бірақ олар акциялардың бағасына көп мән беріп, ұзақмерзімді жоспарлардың орнына тоқсан сайынғы табыстарына назар аударса, қорғаныс шығынын арттырып, әлеуметтік қорғауға бөлінетін қаржыны азайтса, мигранттар мен кедейлерді кінәласа, байлардың байи түсуіне жол берсе, табиғатты одан сайын бүлдірсе, бұл – қатерлі жылдардың тағы бірі болмақ. .

0 пікір
Мұрағат