Қасиетті Мәдина әлемдегі ең қауіпсіз қала деп танылды
|
Саяхатты сақтандыру саласындағы алдыңғы қатарлы InsureMyTrip компаниясы қауіпсіздік деңгейі, гендерлік теңдік, демалыс ақысы, туристерге арналған тарихи нысандар мен көрікті табиғи мекендеріне бару мүмкіндігі бойынша елдер мен қалалардың рейтингісін түзіпті. Рейтингте әлемнің 65 қаласы қамтылған. Бұл жайында islam.kz порталы Al-Arabiya ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл рейтингте Сауд Арабиясы мен Біріккен Ара Әмірліктері көш бастады. Саудия аумағындағы қасиетті Мәдина шаһары әлемдегі ең қауіпсіз қала деп танылды - 10 балдық шкала бойынша 9,3 ұпай көрсеткішімен. Соның ішінде әйелдерге күш көрсетпеудегі (шабуыл жасамау) және түнде қаланы аралаудағы қауіпсіздік ескерілген. Ал Саудия астанасы – Ер-Рияд қаласы бұл рейтингте 23 орыннан көрінген. Туристер үшін барлық параметр бойынша Дубайдан асқан қала жоқ – 10 балдық шкала бойынша 8,12 ұпай жинаған. Әйелдердің қауіпсіздігі бойынша Дубай 9 ұпай алған. Ал көрікті орындар мен көңіл көтеру өлшемдері бойынша 10 ұпайға ие болған. Қауіпсіздік бойынша ең нашар көрсеткіштерге Оңтүстік Африкадағы Йоханнесбург, Малайзиядағы Куала-Лумпур және Франциядағы Париж қалалары ие болған.