Қарызды кешіру қарыз мәселесін шеше ала ма
Қарызды кешіру қарыз мәселесін шеше ала ма
6 жыл бұрын 5646 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Өткен аптада Грузия билігі 1,3 млн-нан аса кредит бойынша азаматтарының шамамен 1,5 млрд доллар қарызын кешіретін болып шешті. Банктер пен шағын қаржы мекемелеріне, соның ішінде коллекторлық компанияларға, онлайн-банктерге қарыз болып қалған грузиялықтар қарасы 605 мың адамға дейін жеткен. Олардың қарызы биылдан қалмай, яғни, желтоқсан айының соңғы күніне дейін сызылады. Қарызын төлей алмай қара тізімге еніп, қарызы кешірілгендер келесі жолы несие ала алмайды. Олардың қарызын төлеуді  "Карту банк" өз мойнына алып отыр. Дәлірегі, "Грузин арманы - демократиялық Грузия" деп аталатын партияның негізін қалаған миллиардер Бидзина Иванишвили өз мойнына алып отыр. Кредит алғанына кем дегенде бір жыл өткен, бірде бір пайызын өтей алмағандардың әрі пайызы мен айыппұлын қоспағанда кредит сомасы 2 мың лариден аспағандардың қарызы кешіріледі. Байқасаңыздар, әлемнің кей елдерінде кейінгі кезде қарызын өтей алмағандарға рақымшылық жасау секілді осындай игі науқандар жиі қылаң беретін болып жүр. Ол ол ма, өз азаматтарына мемлекет тарапынан жүйелі түрде төленетін әлеуметтік төлемдерден бөлек бір жолғы тегін қаржылай көмектер көрсетіліп жатыр. Мұндай шаралар әр елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне байланысты қолға алынады. Десе де соңғы уақытта мұндай шаралардың көбеюі әлемдік дағдарыстың ұзаққа созылып, жүйелі сипат алғанын байқауға болады. Кредитінен бөлек, оның пайызы мен уақытылы төлемегені үшін қосылатын айыппұлды төлеуге шамасы келмейтін ел азаматтарын жаппай соттап, мемлекетке масыл тұтқынғы айналдырғанша немесе қарызды кешірмей үсті-үстіне жамала беретін айыппұлы мен пайызын төлеуге мәжбүрлеу мемлекетке тиімсіз. Бұл ең алдымен қазанның құлағын ұстаған қаржы мекемелеріне тиімсіз. Елдің экономикалық өсімі тұрығндардың әлеуметтік жағдайына байланысты болғандықтан мемлекет осындай соңғы қадамға барып жатады. Естеріңізде болса, мұндай жағдай Қазақстанда да орын алған. Бұрын сотталмаған, төлем қабілеті жоқ ел азаматтарының қарызын кешіру туралы өткен жылы заң жобасы парламентте қаралғанын білесіздер. Алайда, ол заң тек 2021 жылы ғана қолданысқа енеді. 

0 пікір
Мұрағат