|
Қару-жарақ нарығында тағы бір ойыншы пайда болды – мұсылман елі
|
Өткен жылы Үндістанмен арадағы араздық қарулы қақтығысқа ұласқанда Пәкістан лайықты тойтарыс берді. Міне, осы қысқа соғыс Пәкістанның қару-жарақ нарығына шығуына ықпал етіп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Сursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Пәкістанның мерейі үстем түскен сол соғыстан кейін қару-жарақ экспортын күрт арттырды. Майдан даласында сынақтан сәтті өткен арзан ұшақтар мен дрондар Пәкістанның қорғаныс саласындағы жетістіктерін әлемге паш етті. Нақты ұрыста тиімділігін танытқан пәкістандық қару-жарақ шетелдіктердің назарын аударды. Бүгінгі таңда Пәкістан билігі бұл тарапта оннан аса мемлекетпен келіссөз жүргізіп жатыр. Әсіресе, қытай мамандарымен бірігіп құрастырған, көп мақсатқа арналған JF-17 Thunder жойғыш ұшағы қару-жарақ экспортының көп бөлігін құрайды. Бұл қарудың ең басты артықшылығы – батыстың қымбат ұшақтарына қарағанда арзандау келгенімен мүмкіндігі мен әскери қабілеті кем түспейді. Соғыс пен санкцияларға байланысты жаһандық қару+жарақ тізбегіндегі, яғни, қару-жарақпен жабдықтаудағы іркілістер мен кедергілер кейбір елдерді қару-жарақтың озық үлгілерін сататын басқа көздерді іздестіруге итермелеген болатын. Пәкістанның қару-жарақ нарығына келуіне осындай факторлар сәбеп болып отыр. Пәкістанның қару-жарағын негізінен Африка құрлығы мен Азия елдері, соның ішінде мұсылман мемлекеттер сатып алады. Пәкістан қару-жараққа өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін ққорғаныс өнеркәсібінің қуатын арттырып, жекеменшік компанияларды да қару-жарақ өндіруге тартпақ.