Қаңырап қалған шіркеулер мешітке айнала ма?
|
Франция мұсылман жамағатының беделді жетекшісі, дәлірегі, Париждегі орталық мешіттің имамы әрі француз мұсылмандар кеңесінің президенті Далиль Бубакер қаңырап қалған католик шіркеулерін мешітке айналдыру туралы бастама көтерді. Оның бұл бастамасы қоғамда қызу пікірталас тудырды. «Бұл шетін мәселе, десе де, неге осылай істемеске?» - деді ол. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Францияда шамамен 2500 мешіт бар, бұған қоса, тағы 300 мұсылмандар құлшылық үйінің құрылысы жүріп жатыр. Алайда, бұл елде 5 млн-ға жуық мұсылман жамағаты барын ескерсек, бұл аздық етеді. Сол себепті, ол осындай мәселе көтергенін жеткізді. Яғни, қоғамға пайдасы тимей босқа тұрған шіркеулерді неге мешітке айналдырмасқа? Клермон-Ферран қаласындағы 30 жыл қаңырап тұрған шіркеудің мешітке айналдырылғанын және бұған жергілікті халық наразылық танытпағанын тілге тиек етті.