|
Қамқоршылардың күйзеліске бой алдыру деңгейі 4 есе артқан
|
40-50 жастағы адамдардың иығына түскен жүк тым ауыр, дейді сарапшылар. Өйткені, олар бір мезгілде балаларына да, егде жастағы ата-аналарына да қамқор болады. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оңтүстік Кореяның білім беру министрлігі жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес алты жастан кіші бір баланы асырауға айына орташа есеппен 1110000 вон (корейлердің қлттық валютасы - ред.) жұмсалады. Бұл - 2024 жылғы дерек. Бұдан бөлек, жекменшік білім беру ақысы бар, үй шаруашылығына кететін шығыны бар, тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешекке, т.б. шығындар орташа жалақы алатындардың өзіне көп ауыртпалық түсіреді. Ең қиыны, қарт ата-анасын күту машақаты мен шығыны. Осылайша бұл жастағы (40-50) адамдар зейнет жасына қаржы жинай алмайды. Инха Университетінің (геронтология кафедрасы) жоғары саяси зерттеулер мектебінің профессоры Нам Сан-йо: «Ешбір ел осы Оңтүстік Корея сияқты ата-анасын күту жауапкершілігін жүктемейді», - деп мәлімдей келе кәрістердің мұндай қысымнан отбасымен күйзеліске бейім келетінін атап өтті. Ең қиыны, алжу ауруына ұшыраған қарттарды күту - жаялығын ауыстырудың өзі машақатқа толы. Көзден таса болған жағдайда қаңғып кететін мұндай қарттарды күтетіндердің көбісі антидепрессант қолданатынын жасырмайды. Бүгінде әлем халқының көбісінде қартаю процесі қарқын алған. Ауруды күткен сау адамның өзі дертке шалдығады. Ұлттық медициналық сақтандыру қызметі жүргізген 2023 жылғы сауалнама нәтижесіне сәйкес 1700-ден астам отбасылық қамқоршының 47,6% -ы - жартысына жуығы - депрессия дертіне шалдыққанын хабарлаған. Бұл көрсеткіш ересектер арасындағы депрессияның жалпы деңгейінен төрт еседен асады (11,3%). Әсіресе, ұзақ уақыт төсек тартқан қарттарды күту машақатынан өз-өзіне қол жұмсағандары да, ата-анасын арғы дүниеге аттандырғандары да кездеседі. Өткен жылы Кёнги провинциясының Коян қаласында 50-ді еңсерген ер адам он жыл бойы инсульт алған анасын әкесімен бірге өлтірген. Жапонияның өзінде қамқоршылардың басында жылына орта есеппен осындай 46жағдай тіркеледі екен. KNPU қоғамдық қауіпсіздік институтының зерттеу мәліметіне қарағанда, 2007-2023 жылдар аралығында қарттарды өлтіргені үшін 228 қамқоршы сотталған. Іс жүзіндегі көрсеткіш, бәлкім, одан да көп шығар, себебі, көптеген жағдайларда дәлелдер сот құжаттарында көрсетілмейді. Қылмыскерлердің 75,8% -ы мұндай қылмысты жалғыз өзі, ешкімнің көмегінсіз жасаған екен. Жәбір шеккендердің жартысы 70-80 жас аралығындағы қаттар, көпшілігі созылмалы аурулардан зардап шекті. Олардың ішінде деменция (52%), одан кейін инсульт (19%) секілді салдары ауыр, ерекше күтімді қажет ететін қарттар құрайды.
Ұқсас материалдар:
Мемлекет қазынасынан жастардың болашағына емес, қарттар қамына қаржы көп бөлінеді
Күтімге кететін шығын кедейлікті арттырады
Бір елдің өзінде күтімді қажет ететін қарттар қарасы 1 млн адамнан асқан