Православ шіркеуі түсік жасатуға «қасиетті соғыс» ашуға үндеді
|
Ресей православ шіркеуінің қоғаммен байланыс бөліміне жетекшілік ететін протоиерей Всеволод Чаплин клиенттеріне түсік жасату қызметін ұсынатын емханаларға «қасиетті соғыс» ашуға шақырды. «Түсік жасатуды шектейтін заңды бұзатын адамға медицина саласында орын жоқ. Мұндай мекемелер жабылуы тиіс, олардың басшылары жауапкершілікті сезінуі керек», - деді ол. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының соңында патриарх Кирилл Мемлекеттік Думада сөз сөйлеп, түсік жасатуға тыйым салуды ұсынған болатын. Ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызмет түрлері саласында түсік жасату қызметін алып тастауды талап етті. Сөз реті келгенде айта кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айының 19-ы күні Мемдумада депутаттар міндетті медициналық сақтандыру саласынан түсік жасату қызметін алып тастауды және жекеменшік емханаларда түсік жасатуға тыйым салуды қарастыратын заң жобасын талқылаған еді. Жүктілікті жасанды жолмен тоқтатқан жекеменшік емханаларға айыппұл салу мәселесін де көтерген болатын. Алайда, Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко бұл ұсынысқа өретүрегеліп қарсы шықты. Оның айтуынша, «мұндай экстремистік бастаманың салдары ауыр болады», яғни, жасырын түсік жасату белең алады.