Парижде 12 қабаттан жоғары үйлер салуға тыйым салынды
Парижде 12 қабаттан жоғары үйлер салуға тыйым салынды
2 жыл бұрын 1041 inform.kz Автор: Ақбөпе Әбдрасул

Парижде 12 қабаттан жоғары, яғни шамамен 37 метрден асатын үйлерді салуға тыйым қайта енгізілді. Пирамида формасында салынып жатқан Tour Triangle мұнарасының құрылысы көпшілік наразылығын тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com-ге сілтемемен.

Иә, мұнда Эйфель мұнарасы бар, бірақ, соған қарамастан, Париж шағын қабатты нысандардан тұратын қала болып қала бермек.

Маусым айында Франция астанасында «Жергілікті урбанизация жоспары» (PLU) қабылданды. Белсенділердің айтуынша, бұл жоспар экологияның сақталуына ықпал ететін болады.

Париж қалалық кеңесі жаңа ғимараттарды 12 қабаттан (37 метр) асырмау туралы шектеуді қолдап, дауыс бергенннен кейін PLU күшіне енді.

Париждің іскерлік ауданы Дефанста бірнеше зәулім ғимараттар, ал 13 және 15-ші шағынаудандарда классикалық ғимараттарға қарағанда биіктеу үйлер бар. Бірақ, қала орталығындағы нысандар биік емес.

1973 жылы құрылысы аяқталған 209 метрлік Монпарнас мұнарасына қатысты халық сын білдірді. Кейін, 1977 жылы қала аудандарында 37 метрден жоғары үйлер салуға тыйым салынды. Бұл шектеу 2010 жылға дейін қолданыста болды, сол жылдан бастап қаланың бұрынғы мэрі Бертран Деланоэ Парижде 180 метрлік кеңселер және 50 метрлік тұрғын үйлер салуға рұқсат етті.

Қазір салынған тыйым мэр Анн Идальгоның атмосфераға көмірқышқыл газын шығаруды азайту бағдарламасы аясында енгізілді. Бұл шешімнің тағы бір себебі – дау тудырған пирамида тәрізді салынып жатқан Tour Triangle мұнарасы. Құрылыс 2021 жылы басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ, түрлі заңды тұрғыдағы және жоспарлау барысындағы дауларға байланысты құрылыс 12 жылға шегерілді. Tour Triangle құрылысы аяқталса, қаладағы биіктігі бойынша үшінші ғимарат болмақ. Онда қонақүй мен кеңселер, дүкендер мен дәмханалар болады.

0 пікір
Мұрағат