Пальма майы төңірегіндегі дау өршіп барады
Пальма майы төңірегіндегі дау өршіп барады
6 жыл бұрын 6834 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Пальма майын өндіруде көш бастаған  Индонезиядағы Еуропалық одақ елшісі Винсент Геренд ЕО-ның Индонезиямен арадағы Еуропа нарығындағы пальма майына қатысты дау-дамайды Дүниежүзілік сауда ұйымы арқылы шешуге күш салатынын мәлімдеді. Бұл жайында Antaranews ақпарат көзі хабар таратты. "Әлемнің кез келген түкпірінде пайда болған сауда-саттыққа қатысты талас-тартысты Дүниежүзілік сауда ұйымы арқылы шешуге болады деп есептейміз",- деді Винсент Геренд. Осылай дей келе ол пальма майы өндірісінің Индонезия экономикасы үшін қаншалықты маңызды орын алатындығын, соның ішінде, кедейлікті азайту мен жұмысшы күшін тартудағы маңызын атап өтті. Индонезияның экономикалық мәселелерге жауапты министрі Дармин Насутион Еуропалық одаққа пальма майы төңірегіндегі дау-дамайды шешу үшін арнайы делегация аттандыратынын мәлімдеді. Айта кету керек, Еуропалық одақ пальма майына тыйым салмаса да шектеу шараларын енгізген болатын. Қауіпті өнім ретінде. Алайда, аталған өнімге нақты қандай шектеу шаралары қолданылатыны туралы ақпарат жоқ. Десе де Индонезиядағы пальма майын өндірушілердің қолсатында істейтін жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен құқығы жиі бұзылады. Бұл фактор да еуропалық тұтынушылардың қырағы назарынан қалыс қалмай отыр. Пальма майы 2016 жылы соя майы мен рапс майы өндірісін артқа тастап, өсімдік майлары арасында көш бастаған болатын. Тіпті, ең көп тұтынылатын күнбағыс майы өндірісінен 2,5 есеге артқан еді. Мәселен, әлемге әйгілі бренд, азық-түлік өнімдерінің аса ірі өндірушісі Nestlé компаниясы жылына шамамен 450 мың тонна пальма майын сатып алады. Пальма майы арзан әрі әмбебап. Индонезияда жылына шамамен 40 млн тоннаға тарта пальма майы өндіріледі. Яғни, пальма майының әлемдік нарығының 45%-ын бір өзі қамтамасыз етіп отырған ел. Бұл елдегі пальма майы өндірісінде миллиондаған индонезиялық жан бағып отыр. Яғни, әлемдегі жалпы жұмысшы күшінің үштен бірі осы өндірісте шоғырланған.  

Соған қарамастан Дүниежүзілік денсаулық ұйымы пальма майының адам өмірі мен денсаулығына қауіптілігін айтып, дабыл қағып отыр. Адамның өмірлік маңызы зор ағзаларына, соның ішінде, бүйректі, бауырды, т.б. істен шығарып, қан аздық ауруын тудырады әрі қатерлі ісікке апарып соқтырады. Бұл жайында ресейлік ғалым, медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Еделев айтты. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы пальма майының глицедол тудыратынын жасырмайды. Техникалық пальма майының құрамындағы глицедил эфирін тұтынудың арты адам денсаулығына зиян келтірумен аяқталады. Пальма майын көптеген елдер тағам ретінде, кей елдер өнеркәсіп мақсатта пайдаланады. Соған қарамастан пальма майына әлемдік сұраныс жылдан жылға артып келеді. 

2015 жылы 61 млн тонна пальма майы тұтынылған екен. Ал 1990 жылы бұл көрсеткіш 15 млн тоннадан кем болатын. Пальма майын Үндістан, Еуропалық одақ және Қытай көп импорттайды. Яғни, аталған елдер пальма майының негізгі тұтынушылары. Аталған елдер 2016 жылы 20 млн тоннасын сатып алған. 
 
0 пікір
Мұрағат