Палестинаның жүгін Венесуэлла да арқаламақ
|
Венесуэлла Газа секторын аяққа тұрғызу үшін барын салатындарын мәлімдеп отыр. Сыртқы істер министрі Элиас Хауаның хабарлауынша, жақында Палестинаға Венесуэлладан 16 тоннадай гуманитарлық көмек жіберілмек. «Әзірге 6 тоннадай медициналық-хирургиялық материалдар, ұзақ мерзімге дейін сақталатын азық-түлік, сондай-ақ көрпе-жастықтар жиналды. Бұлардың барлығы жақын арада Палестинаға жөнелтіледі», – дейді ол. Министрдің айтуынша, қалған 10 тонна жылуды халық пен құзырлы органдардағы қызметкерлер жинап бермек.
Тағы бір жаңалық – Венесуэлла билігі Палестинаға жыл сайын жөнелтілетін мұнай өнімін тағы да 240 мың баррельге дейін арттыруды көздеп отыр. Сонда бір жылда жөнелтілетін мұнай өнімінің жалпы көлемі 1 миллион баррель жетпек.
«Біз Газаның аяқтанып кетуіне қолдан келген барлық жағдайды жасамақпыз. Сионистік қанішерлердің халықаралық гуманитарлық құқықты бұза отырып, тас-талқан қылған мектеп, аурухана, басқа да халыққа қызмет көрсету секторларын қалпына келтіру үшін барымызды саламыз», – дейді сыртқы істер министрі.