|
Пәкістанның геосаясаттағы көзірі айтылды
|
Тарихта ұлы державалар тек әскери күшімен ғана емес, сонымен қатар, стратегиялық маңызы зор ресурстарымен өз үстемдігін сақтап келді. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Отаршылдық дәуірінде сауда-саттық жолдарына бақылау орнатқандары ұтса, 20-шы ғасырда мұнай стратегиялық ресурсқа айналды. Ал 21 ғасырда технологияның дамуына байланысты минералдар мен табиғатта сирек кездесетін металдар стратегиялық маңызға ие болды. Жаңғыртпалы энергетика көздерінен бастап, жартылай өткізгіштер, электрмен жүретін көлік пен әскери-қорғаныс саласына, т.б. дейінгі салалардың дамуына тың серпін беретін мұндай ресурсқа талас-тартыс пен қатаң бәсекелістікте ұтқандардың ғана мерейі үстем түседі. Бұл тарапта Қытайдың алдына түскен ел жоқ қазір. Қытай литияның жаһандық мол қорына ие. Бұдан бөлек, таяуда ел аумағынан, дәлірегі, Ішкі Моңғолиядан Қытайды аса ірі энергетикалық держава айналдыратын торияның аса мол қоры табылды. Ал Америка құрама штаттары Қытайға минералды ресурстар бойынша тәуелді. Осы орайда АҚШ бұл тәуелділіктен құтылу үшін ресурстың өзге көздерін қарастыруға, ресурс жеткізілімін әртараптандыруға мүдделі. Бұл бағытта Пәкістан әлі ашылмаған арал секілді – әлеуеті жоғары. Пәкістанның минералдық байлығы тура мағынасында бас айналдырады. Белужстан аумағы арқылы өтетін тетиан металлогендік белдеуі әлемдегі ең ірі мыс және алтын кен орындарының бірін қамтиды. Электрмен жүретін көлік аккумуляторлары үшін шешуші мәнге ие лития қоры Гилгит-Балтыстанда молынан кездеседі. Жартылай өткiзгiштер, қорғаныс технологиялары мен телекоммуникациялар үшiн қажеттi сирек жер элементтерi әлі зерттелмеген күйiнде қалып отыр. Жарты әлемнің байлығын жамбасына басып отырса да Пәкістанның тау-кен өнеркәсібі сындарлы саясаттың болмауынан, қауіпсіздіктің осалдығынан және инфрақұрылымның болмауынан зардап шегіп, кенжелеп алған. Дегенмен, Reco Diq-дегі пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты даулы мәселелерді шешуге талпыныс және саланы реттеуші реформалар сияқты саясаттағы соңғы өзгерістер жаһандық мүдделі тараптармен өзара іс-қимылға дайын екенін көрсетіп берді. Енді мәселе мынада: бұл мүмкіндікті бірінші болып кім пайдаланады? Әдетте дипломатиясын экономикалық мүддесімен орайластыратын АҚШ-тан бұрын Қытай ерте қимылдап жатыр: Қытай өзінің «Бір белдеу, бір жол» (BRI) ғаламдық бастамасы аясында Пәкістанның инфрақұрылымдық жобаларын қолға алып жатыр. Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі (КПЭК) Бейжіңді Исламабадтың негізгі экономикалық серіктесі ретінде көрсетеді және қытай компаниялары Белужстанда пайдалы қазбаларды өндіруге келісім-шартқа отыруда. Пәкістан мұндай байлықты бір өзі игере алмайды. Пәкістанға қыруар қаржы, яғни, инвестиция, технология керек.