Пәкістанда 26 млн бала мектепке бармайды
Пәкістанда 26 млн бала мектепке бармайды
3 ай бұрын 591 24.kz

Былтыр табиғи апаттар мен қарулы қақтығыс салдарынан әлемнің 23 елінде 242 миллиондай оқушы мектепке бара алмай, жазу-сызусыз қалды, деп хабарлады 24.kz 

Білім беру мекемелерінің мезгілсіз жабылуы оқу үлгерімінің нашарлауына әкелері сөзсіз. Әлем елдерінде биылғы оқу-жылына дайындық қалай? Бұл мәселе қалай реттеледі?    

Тайландта балалар мектепке бара алмай отыр 

Өткен айда Камбоджа мен Таиланд арасында қарулы қақтығыс ушыққаны мәлім. Соның салдарынан тай елінің шекара маңындағы провинцияларында 751 мектеп жабылды. Қазір ахуал реттеле бастаған соң білім мекемелері оқушыларды қайта қабылдап жатыр. Алайда, шекараға 40 шақырымдай жердегі аудандарда қауіп әлі сейілмеген. Сурин, Сисакет, Бурирам сынды провинциялардағы мектептер әзірге жабық. Қақтығыстан бөлек, елде кейінгі жылдары аптап ыстық күшейіп, оқу жылының уақыты өзгертілді. Қазір балалар оқуын әдеттегідей қыркүйекте емес, мамырдың аяғында бастап, келесі жылдың наурыз айының соңына дейін бітіріп кетеді.  

Крисада, мектеп директоры: - Қауіпті аймақтардағы мектептердің ашылуы екіталай. Өйткені, жағдай тұрақталған жоқ. Алда не боларын болжау қиын. Оның үстіне, қазір біраз мектеп уақытша паналау орнына айналған.

Пәкістанда 26 млн бала мектепке бармайды  

Климаттың тосын мінезінен зардап шегіп келе жатқан елдің бірі - Пәкістан. Биылдың өзінде табиғи апаттан 400-ге тарта адам опат болды. Елде муссондық жаңбыр маусымы жыл өткен сайын күшейіп барады. Бұл онсыз да түйткілі көп жергілікті білім саласына кері әсерін тигізуде. Қазір Пәкістанда 26 миллион бала мектепке бармайды. Яғни, әрбір үшінші оқушы білім алу мүмкіндігінен айырылған. Халықтың 60 пайызы хат танымайды. Салдарынан мемлекетте өмір сүру сапасы нашарлап кеткен. Балалардың ерте еңбекке араласуы жиі кездеседі. Сорақысы, мектеп жасындағы қыз балалар еркінен тыс тұрмысқа шығуға мәжбүр. Ресми статистикаға сүйенсек, елдегі 10-14 жасар жеткіншек жұмысқа жегілген. Ал кәмелет жасына толмай, тұрмыс құрған қыз бала саны 19 млн-ға жуықтайды.  

Save the children:  - Пәкістанда кедейлік белең алып келеді. Бұл тығырықтан шығудың жолы – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Пәкістандағы балалар халықаралық қауымдастықтың қолдауына зәру. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Кез келген оқушы жынысына, нәсіліне, тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға құқылы.

Әлемнің көп аймағында білім беру саласы ақсап тұр   

БҰҰ Балалар қорының дерегіне сүйенсек былтыр, ауа райының қолайсыздығынан 23 елде 242 млн бала мектепке бармаған. Әсіресе, білім беру саласы Оңтүстік пен Шығыс Азия, Тынық мұхиты аймағы және Африка құрлығындағы елдерде ақсап тұр. Аптап, дауыл, су тасқыны, қуаңшылық сынды климат өзгерісінен туындаған табиғи апаттар балалардың болашағына әсер етіп жатыр. Осыған байланысты халықаралық ұйым әлем елдерін оларға төзімді заманауи мектептерді көбірек салып, білім саласында цифрлық технологияны дамытуға шақырды.  



0 пікір
Мұрағат