Өзге елдің сайлау науқанына неге араласады?
Өзге елдің сайлау науқанына неге араласады?
6 жыл бұрын 2338 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Билікті сайлау – демократиялық құндылықтың басты талаптарының бірі. Оған сөз бар ма. Десе де өзге елдің сайлау науқанына араласатын елдердің дені өзге мемлекеттің ішкі ісіне қол сұққанын біле тұра неге мұндай қадамға барады? Жауабы біреу-ақ: өз мүддесін қорғау. Яғни, сайлау науқанына араласу арқылы өздерінің қолайына жағатын, өздерінің мүддесін жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін адамның билік басына келгенін қалайды. Ең дүбірлі саяси шара саналатын өзге елдің сайлау науқанына қол сұғатын елдердің көш басында АҚШ тұр.  Мұны америкалық Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкерлері мен сарапшыларының өздері мойындап отыр. Нақтырақ айтқанда, АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер өткен аптаның соңына таман ресейліктерге қарсы айыптауын жария еткенде сөз арасында АҚШ-тың, дәлірегі, Орталық барлау басқармасы құрылған сәттен (1974 жылы) бастап, бұл тәжірибиенің ұдайы қолданылып келе жатқанын жаһанға жар сала мәлімдеді. Бұдан былай да бұл тәжірибені жалғастыра беретінін жасырмады.  70-ші жылдары мансабын бастаған Орталық барлау басқармасының бұрынғы тергеу қызметкері Лок Джонсон өзге елдердің сайлау науқанына Орталық барлау басқармасының қалай араластатынын жеткізді: тыңшылық қызметтен бастап, постер, памфлет, жалған ақпарат, үгіт-насихат жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану, т.б. құралдар арқылы сайлау науқанына әсер етіп келген. Сондай-ақ, ол ОББ –ның ықпалымен өткен ғасырдың 50-ші жылдары Иран мен Гватемала және 60-шы жылдары бірқатар елдерде мемлекеттік төңкеріс жасағандарын да жайып салды. Ол ол ма, Латын Америкасы, Африка және Азия елдерінде саяси тапсырыспен өздеріне қарсы лидерлерге қастандық жасатқанын да жасырмады. Ол бұл мәліметті жайып салғанымен әлем қауымдастығын бәлендей елең еткізе алған жоқ. Өйткені, барлық төңкерістің артында АҚШ жансыздары тұрғанын біледі. Ал Карнеги-Меллона университетінің ғалымы Дов Левин АҚШ жансыздарының осы уақытқа дейін өзге елдердің саяси науқанына 81 рет араласқанын жеткізді. 

0 пікір
Мұрағат