|
Өзбекстанда шетелден оралғандар міндетті медициналық тексеруден өтеді
|
Өзбекстан азаматтары енді шетелден елге оралғаннан кейін міндетті медициналық тексеруден өтеді, деп хабарлады 24.kz
Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі мәлім етті. Ол үшін шекара қызметі мен ішкі істер министрлігінің ортақ ақпараттық жүйесін жетілдіру көзделіп отыр. Бұл жұмысқа жергілікті әкімшіліктер де тартылады.
Бұған дейін Өзбекстан Парламенті шетелден оралғандарды ВИЧ инфекциясына тексеру бойынша заң нормаларына толықтырулар енгізген болатын. Нәтижесінде 2024 жылы шетелден қайтқан 1 млн 700 мың адамның тек 25 пайызы өз еркімен тексеруден өткен. 1 мың 512 азаматтан ВИЧ-инфекция анықталды.
Муродбек Махмудов, Өзбекстан бас прокуратурасының ресми өкілі: «Шетелде үш айдан артық болған азаматтарды елге оралғаннан кейін міндетті медициналық тексеруден өткізу жүйесі қарастырылып отыр. Бұл тұрғындарды жұқпалы аурулардан сақтау үшін жасалады. Қазіргі жағдайда осындай қауіп бар».