Өзбекстанда жұмыстың кей түрлеріне әйелдерді қабылдауға шектеу қойылады
|
Өзбек билігі қолайсыз еңбек жағдайына байланысты кей жұмыс түрлеріне әйелдерді алуға шектеу енгізуді көздеп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Upl.uz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жұмыспен қамту және кедейшілікті азайту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, әйелдер еңбегін пайдалану шектелетін салалардың тізбесін белгілейтін қаулы жобасын әзірледі. Ұсынылған тізімге тау-кен өнеркәсібі, металл өңдеу, бұрғылау, мұнай және газ өндіру, қара және түсті металлургия, химия өндірісі салаларындағы жұмыс орындары кіреді. Сонымен қатар, үкімет әйелдердің ұшақ құрастыру, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ, целлюлоза, қағаз, картон және олардан жасалған бұйымдарды өндіру салаларында жұмыс істеуіне тыйым салуды қарастыруда. Бұдан бөлек, әйелдер еңбегі шектелетін салаларға цемент өндірісі, тас өңдеу, жылу оқшаулау өндірісі, полиграфия өнеркәсібі, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, қорғасын балқыту, темір қорыту, т.б. кірмек. Өзбек билігінің мұндай қадамға ең алдымен дені-қарны сау ұрпақтың қамы үшін барып отыр. Дәлірегі, ауыр әрі қауіпті жұмыс әйелдердің бала көтеру қабілеті мен өмірге дені сау ұрпақ әкелуіне кері әсерін тигізетіні ескеріліп отыр. Алайда, құқық қорғаушылар өзбек билігінің бұл әрекетін "әйелдерді кемсіту" деп қатаң сынға алып жатыр. Соған қарамастан 600 млн-ға тарта өзбек әйелі өзге елдерде еңбек мигранты болып жүргені турасында дерек бар. Дәлірегі, өткен жылғы kun.uz сайтының мәліметінше, 2,3 млн өзбек азаматы шетелде нәпақа тауып жүрсе, солардың 568 492-і әйел. Бұл тенденция балалардың психикасына теріс әсер ететіні де айтылып жүр.