Өзбекстан БАӘ-нің жасанды жаңбыр жаудыру технологиясын енгізуді көздеп отыр
|
Өзбекстан БАӘ-нің жасанды жаңбыр жаудыру тәжірибесін енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында Өзбекстан делегациясының мүшелері Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның президенті, БАӘ Ұлттық метеорологиялық орталығының бас директоры Абдулла аль-Мандуспен кездесті.
«Біріккен Араб Әмірліктерінде әзірленген озық технологиялар және бұлтты себу сияқты жаңа әдістемелермен таныстым. Енді олардың тәжірибесін Өзбекстанда, әсіресе Арал өңіріне енгізу мәселесі талқыланды», - деп жазды Бахтиёр Саидов.
Сыртқы істер министрі БАӘ климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрі Мариам Альмхеиримен де кездесті.
«Біз су тапшылығы, суды тұщыту, биоәртүрлілікті қорғау, орман өсіру салаларындағы күш-жігерімізді біріктіруге, сондай-ақ осы салаларда БАӘ-нің озық тәжірибесін Өзбекстанға енгізуге ерекше назар аудардық», - деді Өзбекстан Сыртқы істер министрі.
Бұлтты себу – жауын-шашын мөлшерін арттыру үшін ауа райын өзгерту тәсілі. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметі бойынша, технология 56 елге құрғақшылық пен экстремалды ауа райына қарсы тұруға көмектеседі.
1990 жылы БАӘ жауын-шашын мөлшерін арттыру үшін зерттеу бағдарламасын бастады. БАӘ-де бұлтты себу өте тиімді жұмыс істейді. Сонымен қатар, ол тұщыландыруға қарағанда шамамен 60% арзан.