Өткен жылы Иранда жазаланған әйелдер саны рекорд орнатты
|
2024 жылы Иранда аталған елдің қылмыстық кодексі бойынша ауыр айыптар тағылған 31 әйел сот үкімімен өлім жазасына кесілді және өлтірілді. Бұл жайында islam.kz порталы newsru.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл бағыттағы деректі осындай статистиканы 17 жыл қатарынан зерттеумен айналысып келе жатқан, Осло қаласында (Норвегия астанасы) орналасқан Iran Human Rights ұйымы келтіріп отыр. Құқық қорғаушылардың атап өтуінше, мұндай ауыр айып тағылған әйелдердің дені зорлық-зомбылықтан немесе зорлау оқиғасынан қорғанамын деп, кісі қанын мойнына жүктеп алғандар. Өлім жазасы қолданылған әйелдердің 70%-ы осындай себеппен автократиялық соттың солақай үкімінің құрбаны болған. Бұдан бөлек, жазықты болып қалған әйелдердің жазасы өте сирек жағдайда жұмсартылады. Әдетте ерлердің куәгерлігі әйелдерге қарағанда көп ескеріледі. Бұған қоса, соңғы жылдары осыдан бірнеше жыл бьұрынғы 26%-дық көрсеткішпен салыстырғанда әйелдердің өлім жазасының тек 12%-ы ғана хабарланады. Аталмыш ұйымның мәліметі бойынша 2010 жылдан бері Иран аумағында 241 әйел қатаң жазаға ұшыраған, олардың 114-і өлім жазасына кесілген. 2024 жылы Иранда ұзын саны 901 адам өлім жазасына кесілген екен. Ал бұл көрсеткіш оның алдындағы жылы (2023 ж.) 853 болатын. Жыл өткен сайын аталған парсы еліндегі өлім жазасының көбеюі халықаралық құқық қорғаушылардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Иран билігінен өлім жазасына біржола тыйым салмаса да мoраторий жариялауды талап етіп жатыр. Аятолла жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына көңілі толмай түрлі диверсиялық әрекетке барғандарды мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деген желеумен, яғни, саяси тұтқындарды өлім жазасынa кесу фактілері көбейіп кеткен.