Осы ғасырдың орта шенінде 3 млрд адам лашықты тұратын болады
|
Осы ғасырдың орта шенінде адамзаттың едәуір бөлігі, дәлірегі, 3 млрд адам лашықта тұратын болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының атқарушы директоры Хабитат Маймун Мұқ Шәріп осындай дерек келтіріп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Eco-Business ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сарапшылар баспана тапшылығы секілді бұрын дамушы елдерге тән проблеманың ғаламдық сипат алғанын алға тартып отыр. АҚШ, Ұлыбритания, Германия және басқа да дәулеті шалқыған елдерде де тұрғын үй дағдарысы белең алып келе жатқанын жеткізді. БҰҰ өкілі адамзаттың жартысынан астамы урбанизация процесіне байланысты қалалық жерлерге қоныс аударғанын тілге тиек ете келе 2050 жылдары бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жететінін жеткізді, яғни, адамзаттың 70 пайызы қалалық жерлерде тұратын болады. Осылайша кедейлік пен әлеуметтік теңсіздік артады. Қазіргі уақытта лашықта күнелтіп жатқандардың жартысына жуығы Нигерияда, Филиппинде, Эпиофияда, Танзанияда, Үндістанда, Бангладеште, Конго демократиялық республикасында, Мысырда және Пәкістанда. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мәліметі бойынша әлемнің көптеген елінде тұрғын үй бағасы шарықтап, адамдардың табысынан жылдам өсуде. Slum Dwellers International ұйымының жетекшісі Жозеф Мутури бұл проблеманы қолайсыз аймақтар инфрақұрылымын дамыту арқылы шешуге үндеп отыр.