Орыстар «бақсылыққа» тыйым салатын заң жобасын дайындады
|
Ресей федерациясының мемлекеттік думасының депутаты Александр Спиридонов оккультизм қызметтерін жарнамалауға тыйым салатын заң жобасын дайындады. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ол бұл құжатты шілде айында мемлекеттік думаның қарауына ұсынуды жоспарлап отыр. Аталмыш заң жобасына сәйкес оккульттік және сиқырмен, дуалаумен байланысты қызметтерді жарнамалайтындарға айыппұл салынады. Мұндай жат әрекетімен көзге түскен жекелеген тұлғалар 4-20 мың рубл, ал заңды тұлғалар 100-ден 500 мың рублге дейін төлейді. Бұл бағыттағы сауалнама нәтижесіне сәйкес Ресей азаматтарының 60% -ы оккультизм қызметтерін пайдаланады және сиқыршыларға сенеді. Александр Спиридонов «Парламенттік газетке» берген сұхбатында сиқыршылардың, бақсылардың, көріпкелдердің және экстрасенстердің қызметін «алаяқтық» деп атады. Олар Ресей азаматтарын ақшасын алдап алып, психикалық және физиологиялық денсаулығына зиян келтіруде.