Орталық Азияда халық саны 70 миллионға жетеді
|
Биыл батыс пен шығыс әлемін байланыстырып тұрған аймақтың даму бағдары қандай болады? Қазақстанның стратегиялық даму орталығының сарапшылары аймақтың дамуына әсер ететін 10 негізгі оқиғаға шолу жасады, деп хабарлады Хабар 24 телеарнасы.
«Біріншіден Орталық Азияда демографиялық өсім деңгей ұлғаяды, - дейді сарапшылар. «Егер 25 жыл бұрын өңірде 51 млн халық тұрса, биыл бұл көрсеткіш 70 млн-нан асуы мүмкін. Сонымен бірге, биылғы жылы Астанада өтетін халықаралық Экспо көрмесі, Алматыдағы бүкіләлемдік Универсиада, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті бар. Бұған қоса, Қытай мен Ресейдегі ішкі саяси реформалардың жүзеге асуы, Түркиядағы мемлекеттік биліктегі модернизация мен Ирандағы президент сайлауы аймақтағы саяси-экономикалық дамуға әсер етпей қоймайды» - дейді отандық саясаттанушылар.
- Сосын биыл шолуға енгізіп отырған тағы бір көрсеткіш - Орталық Азия аймағында тұрғындардың 50 пайызы кем дегенде интернетке және әлеуметтік желілерді кеңірек қолданатын болады. Бұл да жаңа шынайылықты қалыптастыратын болады. Бұл жағдаймен де жергілікті биліктер, республикалар үкіметтері қалай болғанда да өздерінің саясаттарында ескеру керек болады, - дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин.