Орталық Азия елдері Ресейдің уысынан шығып барады. Геосаяси сараптама
Орталық Азия елдері Ресейдің уысынан шығып барады. Геосаяси сараптама
4 жыл бұрын 15000

Ресей Орталық Азия елдеріне буферлік зона ретінде қарайды

Ресейдің Орталық Азияны ЕурАзЭС арқылы өте жұмсақ күшпен басқарудың жақсы методикасын құрып алған. Еуразиялық экономикалық одақ 95 пайыз Ресейдің мүддесіне жұмыс жасауда. Ең сорақысы, Ресейдің түкке аспайтын қоқыстары мен ыбырсықтары Еуразиялық одақтың ішіндегі елдердің амалдап керегіне жарарлық дүние болып отыр. ЕурАзЭС өзінің құрамындағы елдердің сыртқы нарыққа шығуына құрылған блокировка рөлін атқаруда. Тіпті, шикізатының өзі Ресейсіз ешқайда өтпейтіне Қазақстанның өзі мысал.

Соңғы кезде Орталық Азияда геосаяси ықпалын жүргізу ойынына АҚШ пен Түркия тікелей қатысып отыр. Олардың да мақсаты Орталық Азия елдерін Ресей мен Қытайдың геосаяси ықпалынан шығарып, өзінің ықпалына алу. Ал, Кремль болса Орта Азия елдерін ең динамикалық дамушы регион ретінде өз құзырында ұстағысы келеді. Бірақ, қазір ситуация мүлдем өзгерді. Кремльдің позициясы тіпті өзімен бір әскери-экономикалық одақтағы елдерге тек қана психологиялық қысымнан ары аспай, өзінің әлсіздігі мен ықпалынан айырылып бара жатқанын ғана көрсетуде. Бұл кремль үшін эффективті саяси қадам болмасы айдан анық.

АҚШ-тың Украинаның шығыс территориясына дендеп енуі, одан кейін Орталық Азия елдеріне назарының күшейуі Кремльдің жүйкесіне қатты батып отыр. НОТА әскері Ауғанстаннан кетіп, Орта Азияны өзінің назарына алуда. Мұның себебін анық байқауға да болады. Кремль Орталық Азия елдеріне компромистік дипломатиялық позицияны ұстай бастады. Өзбекстанның да поициясын иіле қолдап, Қазақстанның да кешегі тарихтағы екінші дүниежүзілік соғысқа айтарлықтай косқан үлесін ресми мойындады. Бұл Кремльдің жалғыз қалғанының, жанына сая таппай отырғанының көрінісі. Сондықтан Путин ЕврАзЭс елдерінің басшыларының басын қосып, кеңес өткізді.

Осының алдында ғана Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Өзбекстан мен Тәжікстанға барып келді. Біраз шаруаларды тындырғандай болды. Бірақ, көңілі күпті болып қайтты. Өзінің сияси бәсекелестерінің қуатты болып, нығайып кеткеніне Ресейдің соңғы кезде анық көзі жетті. Сондықтан ЕврАзЭс-ті жұмсақ күшпен ұстаудың жаңа форматына көшіп отыр. Оны Қазақстан мен Өзбекстан да білмей отырған жоқ, өте жақсы біліп отыр.

Дәл қазір Орталық Азия Ресейдің қолындағы әлем алдындағы ең бір критикалық регион болып қалды. Сынның ең бір ұшар шыңы Ресей үшін - осы Орталық Азия. Ұлан ғайыр территориясы бар баяғы КСРО жоқ. Ол кезде Ресей қазіргісінен әлдеқайда бейқам болатын. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Ресейдің батысында АҚШ пен Еуропа елдері арасындағы кикілжіңі, Қиыр шығысында Жапониямен Курил аралдары үшін конфликтісі бар. Сондықтан да Орталық Азия елдері үшін Ресей балансты ұстап, сәл мүлт кетсе психологиялық қысым жасаумен шектелуден басқа шараға бара алмай отыр.

Ал, енді Орталық Азия елдерінің Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара дауы мен қақтығыстар Ресейге барынша тиімді аргумент болуда. Осы ортаға отты тастап отырған да Ресейдің өзі. Орталық Азия елдерінің ішінде өзара алауыздықты қоздырып, бір бірімен ым-жымы бір болмасын деген ниетпен барын салып отыр. Осы жағына келгенде Қазақстан мен Өзбекстан тарапы өзінің аздап болса да саяси еркіндігін көрсеткендей болды. Бірақ, Ресейдің қабағына қарады.

Орталық Азия Ресей үшін алдағы уақытта да түйіні шелілмеген сынның ошағы болмақ. Маңында Қытай тұр. Ресей үшін Орталық Азияда ең маңызды ел - Қазақстан. Қазақстаннан айырылу Ресейге өліммен тең. АҚШ-тың да Қазақстанға таңдауы түсуі, көпвекторлы саясат ұстауын қолдауы Ресейдің шықпаған жанын шығарып отыр.

Орталық Азия елдері соңғы кезде өзінің динамикалық дауын айшықтай бастаған, шикізатын экспортқа шығаруда әлемнің назарын аударып отырған регион ретінде де танылған. Геосаяси аренада АҚШ, Түркия, Иран, Ресей, Қытай сияқты ойыншылардың бұл регионға назар салып отыруы да содан. Ал, Ресей 2020 жылдан бері Орталық Азияда өзінің ықпалынан айырылып қалмаудың сан түрлі әдісіне барып, хаостық жол таңдап, координациялық, конструктивті дипломатиялық қадамдарға бара алмады. Себебі, Ресейді өзінің менмендігі мен империялық сасық пиғылы бас идірмеді. Бірақ соңғы кезде жұмсақ күшке көшуге мүдделі болып отыр.

Кеңес тарқағаннан кейін 10 жылдан кейін Ресей аздап есін жиып, Орталық Азия елдеріне 20 миллиард доллардай инвестиция салды. Өндірістік секторларының бәрін өзіне қаратпақ болуға тырысты. Бірақ Ресейдің мұнысынан аса пайда болмады. Ресей Қазақсанға, Тәжікстанға өзара әріптестік қауіпсіздік саласында әскери базаларын қойып қойды. Бұл да ешқандай этикалық дипломатиялық жол емес.

Ресей Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігінің нығаюынан қатты қорғады. Сондықтан да бұл елдерді қарызбен ұстауға да тырысып келді. Соңғы 30 жыл бойы Ресей Орталық Азия елдерін өзіне толық тәуелді елдер ретінде сезінді. Ал қазір олардың бұрынғы КСРО елдері сияқты емес, өз алдына жолын тауып кетіп бара жатқанынан да қорқып отыр. Олардың сыртқы саясаттағы тәуеліздігі мен суверенитетін мойындағысы келмейді. Оның бірнеше себептері бар.

1. Бәсекелестіктің артуы. Ресей Орталық Азия елдері үшін басты сауда серіктесті әрі кредитор ел.

2. Ресейдің батыс елдері алдындағы экономикалық әлсіздігі, бәсекеге қабілетсіздігі, қабат-қабат санкциялар. Бұл Ресейге ауыр қысым алып келеді әрі Орталық Азия елдірінің алдында абыройдан жұрдай етеді. Себебі, Ресей өзін Орталық Азия елдері үшін локомотив санап келді.

3. Ресей өзінің Орталық Азия елдеріне қатысты ұстанған саясатының жеміссіз екенін енді түсінді. Сондықтан да бұрынғы территориялық даудың басын қылтитып, қайта ұпай жинағысы келді. Сол үшін Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық дауды, анклавтардың мәселесін ушықтырып отыр.

Шын мәнінде Ресейдің саяси арсеналында Орталық Азия мәселесін шешетін ешқандай да саяси потенциал қалмаған. Сондықтан өзін мәжбүрлеп, хаосты тудырып отыр. Ал, Ресейдің Орта Азия елдерінің шекара кикілжіңіне байланысты қойған бітімгерлік әскері ешқандай саяси жол емес. Керісінше, Батыстың экономикалық санкциясына тағы жол ашып отыр. Бұл өзін Орталық Азия елдеріне локомотив санаған Ресей үшін тағы да абсурд.

Ресейдің Орталық Азия елдеріне қатысты саясаты жайындағы сараптаманы басқа тараптардан да кеңінен шолып жазуға тырысамын. Әзірге осы.

Бекболат ҚАРЖАН,

"Адырна" ұлттық порталы 

0 пікір
Мұрағат