Орта Азиядағы демографиялық түйткіл
|
Жуырда жарияланған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мемлекетаралық статистикалық комиетінің жинағында келтірілген демографиялық деректен Орта Азия елдерінде орын алған жас және жыныс айырмашылығы талай сауалды көлденең тартты. Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанда ер-азаматтар қарасы әйелдерге қарағанда басым, ал Қазақстан мен Қырғызстанда бұл көрсеткіш керісінше: бөріктілерге қарағанда ақ жаулықтылардың қатары артып келеді. Нақты көрсеткішке жүгінсек: Өзбекстанда ерлердің қарасы 50,1%, ал Тәжікстанда бұл көрсеткіш 50,6%-ды құраған. Елімізге келсек, ер-азаматтар ел тұрғындарының 49,5%-ын құрап отыр, Қырғызстанда - 48,3%. Тағы бір мәлімет бойынша Орта Азияда бала көтеруге қабілетті әйелдер қарасы көп. Бұл жағымды тенденция. Керісінше, ер-азаматтар арасында өлім-жітім көбейген. Десе де жасы 60-тан асқан әйелдер қарасы барлық елде көбейіп келеді. Елімізде жасы 60-тан асқан әйеллдер қарасы жасы алпыстан асқан ер-азаматтарға қарағанда 4,5%-ға артық екен, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 3,6%-ды құрап отыр, ал Қырғызстанда - 2,7%, Тәжікстанда - 1,6%. Десе де аталған мәлімет көзінде ер-азаматтардың дені нәпақа табу үшін өзге елде жүргені ескерілмеген. Бұл Тәжікстан мен Қырғызстанға және Өзбекстанға қатысты.