Орта Азия ортақ энергия жүйесіне көшуі мүмкін
Орта Азия ортақ энергия жүйесіне көшуі мүмкін
6 жыл бұрын 4513 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Саяси шолушы Дмитрий Бокаревтің Орта Азияның бүгінгі хал-ахуалын талдаған мақаласы Орта Азия елдерінің әлеуетінің қай тарапта жатқанын көрсетіп бергендей болды. Орта Азия елдері, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстан басындағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың және шешімін күткен, қордаланып қалған мәселелердің көптігіне қарамастан, ресурстың мол қорына ие болғандықтан қарқынды дамуға толық мүмкіндігі барын жеткізіпті. Мұның өзі Орта Азия елдерінің ауызбірлішігімен ғана жүзеге асыруға болатынын да тілге тиек етіпті. Кез келген елдің экономикасы электр энегриясына тәуелді, онсыз өнеркәсіп дамымайды, әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешімін таппайды. Энергия тапшылығын жиі тартатын аталған аймақ елдері тек қаржыны және белгілі бір уақытты қажет ететін электр стансаларын сала беруден гөрі барын ұқсатып алса, одан көп ұтатынын (қаржы жағынан да, уақыттан да ұтады) алға тартып отыр автор. Өздеріңіз білесіздер, электр энергиясын тұтыну мөлшері жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Мәселе, қыстың қақаған суығында жылу мен жарыққа электр энергиясына деген қажеттілік артады. Ал жазда электр энергиясын тұтыну мөлшері азаяды. Соған байланысты артық электр энергиясын одан тапшылық көріп отырған аудандар мен көршілес елдерге бағыттаса, ондай аудандар мен көрші елдердің экономикасының дамуына ықпал етіп қоймай, пайда көреді әрі электр энергиясын өндіруге жұмсалатын табиғи ресурсты үнемдеуге болады. Орта Азия елдері арасында бұрынна, дәлірегі, Кеңес Одағы кезінен мұра боп қалған ортақ электр энергиясының желісі бар. "Орта Азияның энергетикалық шеңбері" аталып кеткен аталмыш жүйе кезінде Қазақстанды, Қырғызстанды, Тәжікстанды, Түркіменстанды және Өзбекстанды электр энергиясымен жабдықтап келген еді. Осы жүйені арқасында Орта Азия елдері электр энергиясынан айтарлықтай тапшылық көрмеген еді. Бұл жүйе аймақтағы су ресурсын сауатты бөлу әрі пайдалануды көздейді. КСРО ыдырап тынған соң бұл жүйе Орта Азия елдерінің арасындағы түрлі себептерге  байланысты өз жұмысын тоқтатқан болатын. Әр ел көрпені өзіне тартып, ақыры электр энергиясын өндіруге қажетті ресурсты әділ бөлісе алмады. Мәселен, бұл жүйенің күйреуіне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы жер дауы да өз әсерін тигізген болатын. Өзбекстан КСРО тұсында электр энергиясы мен су ресурсынан тапшылық көре қоймаған еді. Оның үстіне, Тәжікстан өзбек жеріне ағатын суды шектейтін Уақыш өзенінде Рогун мемлекеттік электр стансанының құрылысын қолға алды. Аталған екі елдің арасындағы шекараның жабылуына дейін апарған жер дауына қатысты дау-дамай мен талас-тартыстан екі ел де зардап шекті. Өзбектер электр энергиясынан және су ресурсынан тапшылық көрсе, Тәжікстан жаз мезгілінде артық көндірілген электр энергиясын рәсуа етіп, одан көретін пайдадан қағылды. Ал қыста өздері электр энергиясынан тапшылық көретіндіктен Тәжікстан су қоймаларынан жіберілетін судың мөлшерін ұлғайтты, нәтіижесінде Өзбекстан экономикасы зардап шекті. Кей аудандары су астында қалды. Ал жазда судың тапшылығынан құрғақшылыққа ұрынды. 2009 жылы бұл жүйеден Қазақстан да шықты. Өзбекстан электр энергиясын ұрлап пайдаланғаны үшін. Қазатың және өзбектің электр энергиясына кіріптар қырғыздар екі ортада зардап шекті. Түркіменстан аталған ортақ жүйеден 2003 жылы шығып кеткен еді. Осылайша аталған аймақта энергетикалық дағдарыс қылаң берді. Осылайша ртақ электр энергия жүйесі күйреп тынған еді. Әр ел өз қотырын өзі қасып, көрші елдерге кіріптар болмауы үшін өздерінің дербес электр энергиясы стансаларын сала бастады. мәселен, өзбектер "Гузар – Суркан" электр желісін ашты. 2012 жылы қырғыздар "Датка-Кемин" электр желісінің құрылысын жүргізіп, 2015 жылы қолдануға берді. Ал тәжіктер салып жатқан Рогун электр стансасы 2018 жылы қолданысқа берілуі мүмкін.  Әркім өз күнін өзі көруге ұмтылыс танытқанымен бәрібір электр энергиясына деген аймақтағы тапшылық түпкілікті шешімін таппады. Осыны ескерген Орта Азия елдері ортақ электр энергиясына көшуге юел байлады. Осы бағытта 2014 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан ортақ электр энергиясы жүйесіне көшу туралы келіссөздер жүргізе бастады. Алайда, Өзбекстансыз бұл ортақ жүйені толық қалпына келтіру мүмкін емес еді. Осыған байланысты 2016 жылы билік басына келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеев Тәжікстанмен арадағы жер дауына байланысты тоқтап қалған қатынасты жандандырып, соның ішінде, екі елдің электр энергиясы жүйесін біріктіру туралы белсенді түрде келіссөздер жүргізе бастады. 2017 жылдың мамыр айында Тәжікстан астанасында Орта Азия елдерінің энергетика министрлері бас қосып, ортақ жүйеге көшу мәселесі талқыланды. 2018 жылдың сәуір айында Тәжікстан мен Өзбекстанның энегрия желісін біріктіретін "Регар-Гулша" электр желісі іске қосылды. Бұл Орта Азияда ортақ электр энергиясы жүйесін қайта қалпына келтіру үшін жасалған алғашқы әрі маңызды қадам болмақ. 

0 пікір
Мұрағат