Оңтүстік-шығыс Азия елінде ислами қаржы орталығы ашылды
|
Индонезия президенті Жоко Уидодо Жакарта қаласында Ислам қаржы орталығын салтанаты түрде ашты. Аталмыш орталық Индонезия аумағындағы халал стандарттарына сәйкес келетін экономика салаларының дамуына, сондай-ақ, шариғат талаптарына сай әзірленген индонезиялық өнімдердің халықаралық нарықта орнығуына ықпал ететін мекемелер мен ұйымдардың өкілдіктері шоғырланатын арнайы аудан түрінде болады. Бұл жайында islam.kz порталы Arab News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Индонезия - әлемдегі ең үлкен мұсылман елі. 270 миллион халқының 87 пайызын мұсылмандар құрайды. Ел үкіметі экономиканың халал секторларын дамытуға және индонезиялық тауарларды ислам әлемі елдерінде ілгерілетуге нахар аударып отыр. Индонезия президентінің мәлімдеуінше, Азияның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан осынау ел халықаралық халал хабына, жаһандық халал экожүйесінің орталығына айналуға үлкен мүмкіндігі бар. Ол үшін экономиканы шариғат негіздерінде дамытуға жете мән берілуі тиіс. «Индонезиялық ислам банктері ислам экономикасының маңызды бөлігі. Олар заманауи менеджмент жағдайында одан ары өсуін жалғастыруы керек және Индонезияда, АСЕАН мемлекеттерінде, сондай-ақ, әлемдегі шариғат банкингінің стандарты болу үшін бәсекеге қабілетті болуы керек», деп толықтырды сөзін. Индонезияның ең ірі қаржы мекемесі саналатын Bank Syariah Indonesia банкі мен Danareksa мемлекеттік холдингі кіретін Жакартадағы Исламдық қаржыландыру орталығы шариғи киімнен бастап халал туризмге дейінгі жергілікті өнеркәсіптерді қолдауға арналған платформаны қамтамасыз ететін тұғыр ретінде қызмет етпек. 2024 жылы Индонезия ислам әлемінің 73 елі арасында экономикалық әлеуеті мен даму көрсеткіші бойынша Сауд Арабиясы мен Малайзиядан кейін үшінші орынға шықты.