Оман Израилдің әуе компанияларына әуе кеңістігін ашты
|
Оман сұлтандығы Саудиядан кейін израилдік әуе компанияларына өз әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат етті. Оман парламентінің осыдан екі айға жетер-жетпес уақыт бұрын Израилге байкот жариялау туралы заңды қатайтуды жақтап дауыс берсе де осындай қадамға барды. Бұл жайында islam.kz порталы golosislama.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оманның Азаматтық авиация басқармасы Twitter әлеуметтік желісінде елдің әуе кеңістігі «Ұшу басқармасының талаптарына сәйкес келетін барлық тасымалдаушылар үшін ашық» деп мәлімдеме жасады. Авиация әкімшілігі бұл қадам «халықаралық аэронавигацияда қолданылатын азаматтық әуе кемелері арасында кемсітушілікке жол бермейтін» 1944 жылғы Чикаго конвенциясы бойынша өз міндеттемелерін орындауға бағытталған күш-жігерінің бір бөлігі екенін айтты. Израил сыртқы істер министрі Елі Коен бұл мәлімдемені құптап, «Израил экономикасы мен израилдік саяхатшылар үшін тарихи және маңызды шешім» екенін жариялады. Бұл тараптағы келісім ең алдымен Израилдің El Al және Arkia әуе компанияларына тиімді, олар енді Үндістан, Таиланд және Австралия сияқты шалға өлкелерге көбірек тікелей рейстер ұйымдастыра алады. Мәселен, Мумбай қаласына ұшу уақытын жеті жарым сағаттан бес сағатқа дейін қысқартып, жанар-жағармайды айтарлықтай үнемдейді. Сауд Арабиясы мен Оман Біріккен Араб Әмірлігінің, Бахрейннің және Марокконың Израилмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 2020 жылғы Ыбырайым келісіміне қосылудан бас тартты. Өткен жылдың желтоқсан айында Оманның 86 мүшесі бар Шура кеңесі Араб Лигасының нұсқауларына сәйкес Израилдің экономикалық оқшаулануын күшейтетін, азаматтардың израилдіктермен кез келген мақсатта сөйлесуіне немесе кездесуіне тыйым салатын заң жобасын қабылдаған болатын. Аталмыш заң талаптарын бұзғандарға қылмыстық жаауапкершілік қарастырылған.