Оман 2050 жылы тек электрмен жүретін көлікке көшуді жоспарлап отыр
Оман 2050 жылы тек электрмен жүретін көлікке көшуді жоспарлап отыр
1 ай бұрын 882 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Оман 2050 жылы жаһандық жылынуға себеп болып отырған көмірқышқыл газынан біржола ада мемлекетке айналуды көздеп отыр. Осы мақсатқа сәйкес аталған мерзімде  жаңғыртпалы энергия көздеріне 100% көшуді жоспарлап отыр. Бұл жайында islam.kz порталы The National ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.Оманның энергетика және минералдар министрлігі үкіметпен және жеке құрылымдармен бірлесіп әзірлеген Оманның Vision 2040 стратегиясы ел экономикасын әртараптандыру жоспарына сәйкес келеді. Бұл бастама Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің (GCC) алты мемлекеті блогындағы ең шағын экономикалардың бірі Оманға өз ресурстарын пайдаланып, шетелдік инвестицияны тартуға мүмкіндік береді. Көлік, коммуникациялар және ақпараттық технологиялар вице-министрі Хамис аш-Шамахидің келтірген дерегіне қарағанда, егер өткен жылы елде 550 электрмен жүретін көлік болса, 2024 жылы олардың саны 1500-ге жетеді. Оның айтуынша, бұл үшін қажетті инфрақұрылым салынуда: өткен жылы 120-дан астам электр көліктерін зарядтау пункттері орнатылды. Министрлік ағымдағы жылдың соңына дейін мұндай пункттердің саны 200-ден, ал 2027 жылға қарай олардың саны 350-ден асатынын болжап отыр. Сондай-ақ, осынау араб елінде электрлі көлікке көшемін деушілерге жеңілдіктер енгізілуде. Өткен жылы Оман билігі электр көліктері мен олардың қосалқы бөлшектері белгілі бір талаптарға сәйкес келсе, салықтан босатылатынын жариялады. Оманның бұл тараптағы стратегиясы Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдері арасындағы ең өршілі болып көрінеді. Салыстыру үшін алсақ, аймақ бойынша технологиясы озық ел - Біріккен Араб Әмірліктері 2035 жылға қарай елдегі көліктер паркінің 50 пайызын электрмен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр, ал Сауд Арабиясы 2030 жылға қарай Ер-Рияд қаласындағы көліктердің 30 пайызын электрлі көліктерге көшіретінін жоспарлап отыр. Оманның алдына қойған мақсатын әлемнің кейбір ірі экономикаларының мақсаттарымен салыстыруға болады: Канада, Еуропалық одақ, Жапония және Ұлыбритания 2035 жылға таман бірыңғай жасыл экономикаға жетуді жоспарлап отыр. Әлемдегі ең ірі электр көлік өндірушісі Tesla компаниясы орналасқан Америка құрама штаттарының өзі 2032 жылға дейін сатылатын көліктердің 35%-дан 56%-ға дейінгісі ғана электр қуатымен жүретінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Оманның энергетика және минералдар министрлігі жасыл сутегін өндірісін 2030 жылға қарай жылына бір миллион тоннаға, 2040 жылға қарай 3,5 миллион тоннаға және 2050 жылға қарай 8 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұл ел 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия үлесін 30 пайызға, 2040 жылға қарай 70 пайызға, 2050 жылға қарай 100 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

0 пікір
Мұрағат