Өлім жазасы қылмысты тыйя ма?
Өлім жазасы қылмысты тыйя ма?
3 жыл бұрын 2707 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ресей қоғамының түңлігі моратория жарияланған өлім жазасын қолданысқа енгізу төңірегінде өрбіген қызу пікірталастан желпілдеп тұр. Бұл пікірталастан ғалымдар да сырт қалған жоқ. Солардың бірі – Санкт-Петербор қаласында орын тепкен Еуропалық университет жанындағы құқық қолдану проблемаларын зерделеумен айналысатын институт директоры, әлеуметтану ғылымдарының профессоры Кирилл Титаев. Ол lenta.ru ақпарат көзіне берген сұхбатында Кемер облысындағы 10 жастағы қызға қатысты жаға ұстатарлық қылмысқа өз пікірін білдіре келе өлім жазасын қайта енгізу төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Ауыр қылмыс жасағандарға, соның ішінде, педофилдерге өлім жазасын қолдану өз нәтижесін бере ме, деген сауалға жауап беруге тырысты. Ғалымның айтуынша, өлім жазасы туралы сөз болғанда қылмыс түрлерін категорияға бөлудің маңызы жоқ. Мәселен, педофилдің азғындық әрекетінен төбе шашымыз тік тұрады, алайда, адам педофилдік мақсатта емес, өзге мақсатта бала өлтіріп, қолын қанға былғаса, одан қылмыстың ауырлығы жеңілдей ме? Түсініксіз. Бұл арада бір ғана сауал туындайда: расымен де өлім жазасының маңызы бола қояр ма екен? Әлеуметтанушы бұл тарапта өзінің үш дәйегін келтірді (өлім жазасын қолданудың пайда бермейтініне қатысты). Ең біріншісі және маңыздысы – сот қателігі. «Өлім жазасы – орны толмайтын әрекет. Түрмеде жазасын өтеп жатқан адамның кінәсіздігі анықталса, оны бостандыққа шығаруға болады, ал қателікпен өлім жазасына кесілген адамды тірілтіп ала алмайсың. Әлемдік сот жүйесіндегі мұндай қателіктерден аяқ алып жүре алмайсың. Кирилл Титаевтың сөзіне қарағанда, құқықтық логиканың не екенін білмейтін жұрт «бұлтпартпайтын дәлел» мен «соттың қылдай қиянаты жоқ әділдігіне» сенеді. «Мәселенің мәнісі сонда, құқықтық логикада дәлел-дәйектің кейбір шараларына мән берілмейді. Сот үшін тек ақ пен қара ғана бар. Кінәлі немесе кінәлі емес. Осы заманғы бірде-бір құқық жүйесі дәлелдемелерді жете бағалай алмайды. Тағылған айыбы дәлелденсе, ондай адам жазаланады немесе дәлелденбесе жазадан құтылады»,- деп түсіндірді ол. Өлім жазасына қарсы екінші аргумент ретінде – өлім үрейінің адамды қылмыстан тыйя алмайтынын алға тартады. Өйткені, өлім жазасы сол сәтте, яғни, қылмыс үстінде орындалайын деп тұрған жоқ, қылмыскер оның қандай жаза екеніне мән бере бермейді, құтылып кетемін деген үмітпен азғын әрекетін тоқтатпайды. Әлбетте, кейбіреулерін қылмыстан тежееуі мүмкін. Егер қылмыстан тыйылу мен өлім жазасы арасындағы байланыс нақты дәлелденсе, онда өлім жазасын қолдануға болады. Алайда, әлемдік статистика басқаша «сөйлейді», мәселен, Қытайда жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталғандарға өлім жазасы қолданылып жатыр, одан коррупция тоқтады ма, бұл әлі басы ашық сауал күйінде қалып отыр. Ал тікелей педофилдерге келсек, өлім жазасының тиімділігі тіптен күмән тудырмақ. Педофил біршама есінен ауысқан адам, ол пайда көру үшін қылмыс жасамайды, Ашкөздікпен қылмыс жасағандар, мәселен, ноутбук ұрлағандар әдетте жеңіл жазамен құтылып кетеді, көбінесе олар айыппұл төлеп, бостандықта тайраңдап жүреді. Ары кетсе, бес жыл түрмеде жазасын өтер. Ал педофилдің қылмысы салқынқанды есепке құрылмаған. Сол себепті, оған өлім жазасын қолданудың тиімділігі өте күмәнді. Осылай деген профессор үшінші аргумент ретінде өзін өркениетті ел санайтын мемлекет өз азаматын өлтірмеу керек деген жалпыға ортақ принципке сүйенетінін алға тартады. Ең алдымен өлім жазасының болмауы мемлекеттің абыройына нұқсан келтірмейтін маркер ретінде қабылданады. Әлем қауымдастығы тарапынан. Бұл маркер мен имидж экономикаға инвестиция тарту, туристер тарту, өзге де рейтинтер үшін, т.б. керек. 

0 пікір
Мұрағат