Мысыр сұйытылған газдан толық бас тартады
|
Мысыр биыл, яғни, жыл соңына дейін табиғи сұйытылған газ импортынан толық бас тартуға бел буып отыр. Бұл жайында аталған елдің мұнай және минералды ресурстар министрі Тарық әл-Молла мәлім етті. Келесі жылдан бастап, пирамидалар елі өз аумағында өндірілген газды шетелге экспорттауға көшеді. Министр осылай дей келе ел аумағындағы газ және мұнай кен орындарын игеруге шамамен 10 млрд доллар мөлшерінде инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұған қоса, Мысыр газ бағасын белгілеуде инвестиция тарту әрі сұранысты арттыру үшін икемді саясат ұстанатынын да тілге тиек етті. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Мысыр аумағында "Зуһр" деп аталатын аса ірі газ кен орны бар. Оны әлемге әйгілі италиялық Eni компаниясы игеруде. Аталмыш компания өкілдерінің айтуынша, газ өндірісін 800 млн куб футқа дейін арттыруға болады. Бұл газды экспорттауға ғана емес, сонымен қатар, ішкі сұранысты да қанағаттандыруға молынан жетеді. Сондай-ақ, аталған газ кен орнының қоры 850 млрд куб метрге жететінін де жасырмады.