Мұсылман отбасы енді болмағанда атылып кете жаздады
|
АҚШ-тың Миннесота штатына қарасты Мейпл-Гроув қаласында тұратын Мәжид және Әдлі Абумайяли есімді егде тартқан ерлі-зайыптылар айдың-күннің аманында атылып кете жаздады. Бұл жайында "KARE11» ақпарат көзі хабар таратты. Олар өздері араласып жүрген отбасына қонаққа барған ұлын алып қайту үшін келмей ме, үйдің жанына автокөлікті тоқтатқаны сол екен, олардың қасына қолына қару ұстаған әлдебір америкалық әйел жетіп келеді. Жетіп келеді де ерлі-зайыптылардан автокөлік әйнегін ашуды талап етеді және олардан күдіктенетінін айтады. Күдіктенгенде – мұсылман ерлі-зайыптыларды «террорист» емесін тексеріп көрмек болады. Әлбетте, тепсініп келіп, ақылға сыймайтын қылық көрсеткен әйелдің есінің дұрыстығына күмәнданған ерлі-зайыпты екеу оның талабын орындаудан бас тартады. Өзінің талабын елемеген мұсылман ерлі-зайыптыларға қаруын кезенген 48 жастағы Нэнси Нобл оларға бәрібір өз дегенін жасатады. «Ол қаруын кезеп, «Ашыңдар немесе менсендерді атып тастаймын», - деп айғайлады», - деді артынан болған жайтты баяндаған ерлі-зайыптылар. Америкалық әйелдің кісі өлтіруден де тайынбайтын түрін көрген соң ерлі-зайыптылар амалсыз оның айтқанын орындайды. Осылайша өздерінің ешқандай террорист емес екенін дәлелдеуге тура келген. Артынан өмірлеріне қауіп төндірген әйелді полицияға ұстап берді.