Мұсылман емес елдер де экспортын арттыру үшін амалсыз халал өнімдерге көшеді
Мұсылман емес елдер де экспортын арттыру үшін амалсыз халал өнімдерге көшеді
8 жыл бұрын 3742 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Оңтүстік Корея экспортқа шығарылатын тауарларын мұсылман елдеріне өткізу үшін шариғат талаптарын басшылыққа алатын болды. Аталмыш мемлекеттің ауылшаруашылық, азық-түлік және ауылдық жерлердің ісіне жауапты министрлігі мәлімдегендей, осы жылдың төртінші тоқсанына дейін, яғни, жыл соңына дейін өз тауарларының мұсылман елдерінің халал сертификатына ие болуы үшін күш салатын болады. Осы мақсатта халал өнімдердің жарнамасы мен маркетингіне кірісуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, қазіргі уақытта Корея мұсылмандар федерациясының (KMF) халал сертификаты Малайзия мен Сингапурде мойындалған болатын. Оңтүстік Кореяның ауылшаруашылық өнімдері экспорты Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше 57 елде 8,8%-ға артқан, яғни, өткен жылғы көрсеткіш оны алдындағы жылмен салыстырғанда 913 млн долларға өскен. Әлемдегі аса ірі мұсылман елі болып табылатын Индонезияның өзінде (2015 жылдың соңындағы есеп бойынша 257,9 млн тұрғыны бар) 2014 жылы халал өнімдер нарығы 158 млрд долларға жеткен екен. Ал Түркияда бұл көрсеткіш 110 млрд, Пәкістанда 100,5 млрд, Мысырда 75,5 млрд долларды құраған. 

0 пікір
Мұрағат