Мұсылман елінің жаңа қылмыстық кодексінің негізгі тармақтары шариғат талаптарымен үндесетін болады
Мұсылман елінің жаңа қылмыстық кодексінің негізгі тармақтары шариғат талаптарымен үндесетін болады
3 жыл бұрын 2373 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Әлемде мұсылмандар қарасы бойынша көш бастаған әрі халқы тығыз орналасқан оңтүстік-шығыс Азиядағы мұсылман елі құқықтық дағдарысқа тап болды. Бұл жайында islam.kz порталы golosislama ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таяуда Индонезияда қоғамның талас-тартысына түрткі болған қылмыстық кодекс жобасы бастан-аяқ қайта қарастырылуы мүмкін. Аталған елдің әділет және адам құқығы министрінің орынбасары Едурад Омар Шәріп Хиариж қылмыстық кодекс осы жылдың шілде аяғына дейін қабылданып қалатынын мәлімдеді. Қылмыстық кодекс жобасы 2019 жылы жарияланған болатын, күллі елде қызу пікірталас өршіп, қақтығысқа дейін орын алған еді. Зайырлы ұстанымды алға тартатын құқық қорғаушлар аталмыш жобадағы бірқатар баптарға наразылық білдіріп отыр, атап айтқанда, зина жасаудан құдайға тіл тигізуге дейінгі баптар елдегі азшылық өкілдеріне және азаматтық бостандыққа қарсы пайдаланылуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Дәлірегі, Human Rights Watch Indonesia құқық қорғау ұйымының өкілі Андреас Харсоно қылмыстық кодекс жобасында шариғат ықпалының басым түскенін алға тартып отыр. Ол әйелдер мен діни азшылықты және гендерлік азшылықты құрайтындар жапа шегетін болды деп аттандап отыр. Содан бері аталмыш жоба талай рет күзелді, түзетілді, бірнеше мәрте жаңартылды, жарияланды. Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы Kitab Undang-undang Hukum Pidana немесе KUHP деп аталатын Индонезияның қазіргі Қылмыстық кодексіне оның пішімін және мазмұнын қосу, алып тастау немесе кеңейту арқылы кешенді өзгерістерді енгізуді ұсынады. Бастапқы нұсқасы голландардың отарлық кезеңіне, дәлірегі, 1918 жылға барып тірелетін бүгінгі таңда қолданыстағы қылмыстық кодекс 1946 жылы Индонезия тәуелсіздігін алға жылы ұлттық мүддемен әрі ұлттық сәйкестікпен кодталып, бірегейлендірілген еді. Ол азаматтық құқық жүйесіне негізделген және нидерланд құқығының, хукум адат деп аталатын әдет-ғұрып құқығының және жылдар бойы қосылған заманауи Индонезия құқығының қоспасы болып табылады. Қолданыстағы кодекске енгізілген өзгерістер мен «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» және «Денсаулық сақтау туралы» секілді заңның нақты салаларына қатысты заң жобаларына толықтырулар енгізу нәтижесінде қолданыстағы кодекстің көптеген баптарының бір-біріне сәйкес келетін немесе бір-біріне қайшы келетін тұстары жетерлік. Мамыр айының 25-де Индонезия парламенті қылмыстық кодекстің соңғы жобасының ең «маңызды» 14 бабын, сондай-ақ, сұрақтар кестесін және 2019 жылғы наразылық акцияларынан кейін енгізілген кейбір түзетулерді талқылады.

«Маңызды» деп аталатын баптардың кейбірі мыналарды қамтиды:

Құдайға тіл тигізу:

Индонезияда Құдайға тіл тигізу қазірдің өзінде қылмыс болып табылады, дегенмен, бірнеше жылдар бойы заңның күшін жоюға бірнеше рет әрекет жасалғанымен олардың бәрі сәтсіздікпен аяқталды. Қолданыстағы қылмыстық кодекс жобасына сәйкес Құдайға тіл тигізу туралы заңның анықтамасын кеңейту керек және Индонезияда ресми түрде мойындалған алты дін (ислам, протестантизм, католицизм, индуизм, буддизм және конфуциандық) мен дінге жіне адамдардың наным-сеніміне дұшпандық танытатын әрекетке барған кез келген жекелеген тұлғалар үшін бес жылға бас бостандығынан айыру жазасының қазіргі ең жоғары мөлшері сақталады.

Зинақорлық

Ұсынылған заң жобасына сәйкес бірге тұратын некесіз ерлі-зайыптылар алты айға бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе айыппұл төлейді, бір шартпен: олардың ата-анасы, балалары немесе жұбайы полицияға хабарлаған жағдайда ғана. Бұрынғы кодекс жобасы бойынша елдімекен басшысы некеге тұрмаған ерлі-зайыптылар туралы полицияға хабарлай алатын. Бұл ереже жобаның соңғы нұсқасынан алынып тасталды. Қазіргі уақытта Индонезияда некеге дейін жыныстық қатынас заңсыз емес (неке адалдығын бұзу заңсыз болса да), бірақ жаңа кодекс жобасы ата-аналарға немесе балаларға некеде тұрмаған жұптар жыныстық қатынасқа түседі деп күдіктенсе, полицияға хабарлауға мүмкіндік береді. Жаңа Қылмыстық кодекс жобасы бойынша некеден бұрын жыныстық қатынас пен зинақорлық үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе айыппұл салынады.

Түсік жасату

Жаңа кодекс жобасы түсік жасатуды бұрынғысынша қылмыстық деп таниды (төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін), алайда, медициналық төтенше жағдайларда (аяғы ауыр әйелдің денсаулығына жүктілікпен байланысты қауіп төнгенде) немесе жүктілік мерзімі 12 аптаға жетпесе зорлау нәтижесінде бала көтеріп қойғандарға жасанды түсікке рұқсат береді. Жаңа нұсқа кодексті 2009 жылғы Индонезияның денсаулық туралы заңына сәйкес келтіреді

Өлім жазасына кесу процедурасы

Қылмыстық-атқару кодексі жобасының соңғы нұсқасында әдетте терроризм, кісі өлтіру және есірткі саудасы сияқты қылмыстар үшін тағайындалатын өлім жазасы енді «ақтық шара» ретінде көрсетілген. Сондай-ақ, оған 10 жыл сынақ мерзімі ұсынылады, одан кейін адамның өкініп, түзелгені анықталса, жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін. 

0 пікір
Мұрағат