|
Мұсылман елі жастарды үйлендіру үшін экзотикалық жеміс ұсынады
|
Индонезияның некенің тіркелуін қадағалайтын дін істері жөніндегі басқармасы сыбай-салтаң жүрген жастардың отбасын құруы үшін түрлі әдіс-тәсілді қолдана бастады. Бұл жайында islam.kz порталы The Jakarta Post мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сондай шаралардың біріне - жергілікті жемістердің бірін, дәлірегі, дуриан ұсынады. Аталмыш басқарма жастар көп кіретін TikTok әлеуметтік желісін некелесуге ынталандыру, отбасы құндылықтарын насихаттау үшін пайдаланады. Бұл мақсатта түрлі аудио және видео контенттер жариялайды. Бұған тек оңтүстік-шығыс Азия аймағында ғана емес, сонымен қатар, күллі әлемде халық саны көп аталған елде демографиялық ахуалдың нашарлағаны себеп болып отыр. 2014 жылдан 2024 жылға дейін некеге тұратын индонезиялықтар саны 2,1 миллионнан 1,47 миллионға дейін азайды. Елдің орталық статистикалық басқармасының бұл тараптағы дерегі көрсеткендей, 16-дан 30 жасқа дейінгі адамдардың тек 30% -ға жетпейтіні ғана үйленген. Индонезия орташа табысты ұстап қалу үшін демографиялық бонусты пайдаланғысы келетіндіктен, некенің азаюы 2045 жылы тәуелсіздіктің 100 жылдығына қарай дамыған елге айналу мақсатына нұқсан келтіруі мүмкін.The Straits Times басылымына сұхбат берген Индонезияның отбасын жоспарлау агенттігінің жетекшісі Хасто Бардойо дамыған елге айналу үшін халық санының маңызды рөл ойнайтынын мәлімдеді. Осы орайда дуриан әлемнің өзге елдері үшін экзотикалық жеміс екенін айта кетпекпіз. Тек Малайзияны есептемегенде. Тіпті, аталған жеміс Индонезия мәдениетінің ажырамас элементі. Мәселе, арабтар үшін түйенің маңызы қандай болса, индонезиялықтар үшін дурианның маңызы сондай. Бұдан бөлек, Индонезияның ауыл шаруашылығының басты жемісі ретінде алға шығады. Миллиондаған фермерлердің негізгі кіріс көзіне айналған жемістің 2024 жылы 2 млн тоннасын өндірген екен. Global Times ақпарат көзінің жазуынша, дурианға қатысты осй аймақтағы екі мұсылман мемлекетінің арасында талас-тартыс әлі тоқтамай келеді. Бұған Малайзияның дурианды ұлттық бренд ретінде ұсынысы түрткі болған. Индонезияның азық-түлік жөніндегі үйлестіруші министрі Зүлкипли Хасан бұл ұсыныстың негізсіз екенін алға тартып отыр. Малайлардың World of Buzz жаңалықтар сайтының жазуынша, дурианның таңдаулы сорттары, соның ішінде Musang King сорты тек Малайзия аумағында ғана өседі. Осылай деген малайлықтар бұл жерде нақты мәліметтерге жүгінуге шақырып отыр. Ал Индонезияда дурианның 27 түрінің 21-і өсіп-өнеді. 2024 жылы шамамен 114 жаңа сапалы сорттары тіркелген. Малайлар, тіпті, маусым айының 7-ін Малайзия дурианының ұлттыұ күні ретінде бастама көтерген еді. Соңғы жылдары бұл жеміс Малайзия экономикасының маңызды бөлігіне айналып келеді. Малайзияда өндірілген дуриан әлемнің 40 еліне, соның ішінде Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Біріккен Араб әмірлігіне жөнелтіледі. Малайзияның ауыл шаруашылық және азық-түлік қауіпсіздігі министрлігінің болжамына жөн сілтеген Bernama ресми агенттігі енді бірер жылда, дәлірегі, 2060 жылға таман дуриан экспорты 69 000 тоннаға дейін жетуі мүмкін екенін хабарлады.