Мұсылман елдерінің әлеуетін көтеретін жоба
|
Түркия (TCDD) мен Иранның (RAI) және Пәкістанның (PR) теміржол басқармалары Ыстамбұл – Теһран – Исламабад дәлізі бойынша ұдайы қатынайтын контейнерлік пойызды іске қосу туралы келісімге келді. Аталмыш бастама Экономикалық ынтымақтастық ұйымы тарапынан көтіерілген болатын. Дәлірегі, 2020 жылдың қаңтар айында Иран астанасында өткен ЭЫҰ-ның аймақтық жоспарлау кеңесі құрамындағы көлік комитетінің мәжілісінде контейнерлік пойызды іске қосуға дайындық жұмыстары пысықталып, бірыңғайландырылған тариф белгіленіп, кестесі бекітілді. Бұл жоба аталған үш мұсылман елдерінің арасын жалғап қоймай, сонымен қатар, Еуропаға көпір ретінде қызмет атқарады: Босфор бұғазын тоннел арқылы кесіп өтетін Marmaray желісі бойынша жүк тасымалданады. Алғашқы контейнерлік пойыз өткен жылы жүргізілген болатын – сынақ ретінде. Бұл дәлізбен тұрақты қатынау биылдан бастап жүзеге асырылады. Теміржолдың ұзындығы – шамамен 6500 шақырымды құрайды, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапқан жоба бойынша 20 футты контейнерден бастап, 40 футты контейнерге дейін тасымалдауға болады. Бұл дәлізбен аталған үш елдің ғана емес, сонымен бірге, Азия және Еуропа елдерінің жүгі тасымалданады. Осы бастан аталмыш жобаға Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығу үшін Үндістан, Бангладеш тарапы мүдделілік танытып отыр.