Мұсылман елдері ішіндегі ең бейбіт ел
|
Әлем және экономика институтының есебі болып табылатын «Бейбітсүйгіштіктің жаһандық индексі» жарияланды. АҚШ пен Австралия мамандарынан жасақталған халықаралық топ әлемнің 150-ден аса еліндегі жағдайды жан-жақты талдап, саралап, түрлі факторлардың негізінде өз рейтингтерін түзеді. Нақты қандай факторлар ескеріледі дегенге келсек, елдердегі зорлық-зомбылық деңгейі, әскери шығыны, босқындар саны, т.б. осылай кете береді. Үстіміздегі жылдың нәтижесі бойынша әлемдегі ең бейбітсүйгіш халықтар ретінде даниялықтар, ирландықтар, австралиялықтар танылды. Аталмыш рейтингтің соңында соғыс өрті шарпыған Ирак, Ауғанстан және Сирия тұр. Ал мұсылман елдері бойынша малайлықтар бейбітсүйгіштігімен көш бастап тұр. Жалпы рейтинг бойынша Малайзия 28-ші орынға жайғасқан. 30 және 33 орындар Катар мен Кувейтке «бұйырған». Ал Орта Азия елдерінің көрсеткіші өткен жылғыға қарағанда біршама жақсарған дейге болады. Соның ішінде еліміз, яғни, Қазақстан 87-ші орыннан көрінген, Түркіменстан 106 орынға табан тіреген, ал 108-ші позицияда Тәжікстан тұр. Өзбекстан 133 орыннан төбе көрсетсе, Қырғызстан 121-ші орынды місе тұтқан.