"Мүгедек" терминін "қайсар адам" тіркесімен алмастырады
|
Әдеп бойынша соқыр адамға "сен соқыр" дей алмайсың, шындықты айтқаныңмен, бұл сөзің шындық болып есептелмейді, қорлау, балағаттау мәнін иеленеді, оның кем-кетігін бетіне басқанмен бірдей әдепсіздік болып саналады. Сол себепті, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында "мүгедек", "кемтар" сөздерінің орнына "мүмкіндігі шектеулі жан" сөз тіркесі қолданылатын болып жүр. Тура осындай жағдай Біріккен Араб Әмірліктерінде де орын алып отыр. Аталған ел онсыз да ауыр сынаққа түскен жандардың көңіліне қаяу түсіріуп алмау мақсатында "мүгедек" сөзінің орнына "қайсар адам" сөз тіркесін қолдануды жөн көріп отыр. Ендігі жерде қоғамдық орындарда, көлікте, сауда орталықтарында, мемлекеттік мекемелерде, т.б. орындарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты "қайсар адам" сөз тіркесін енгізуге күш салып жатыр. Мұндай бастаманы БАӘ вице-президенті, Дубай әміршісі, шейх Рашид әл-Мақтұм көтерген болатын. Оның бастамасы қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Көп ұзамай Twitter әлеуметтік желісінде жарияланған "Қайсар адам" жобасы ең танымал жобаға айналды.