|
Мина жазығында жоғалған қажылардың отбасы көмек сұрайды
|
Мина жазығында бірнеше жүздеген қажы жаншылып өлгеніне санаулы күндер өткен соң ондаған мұсылманның отбасы із-түссіз кеткен туыстарын іздеп таба алар емес. Олар шарқ ұрып, мәйітханаларды шарлап, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырды. «Олар оның аты-жөні еш жерде тіркелмегенін айтып отыр»,- деді ашына тіл қатқан мысырлық қажы. Ол осы үшін Минадағы жедел жәрдем емханасының тіркеуші қызметкерімен сөзге келіп қалғанын да жасырмады The Tribune ақпарат көзінің тілшісіне берген сұхбатында. Бұл жайында IslamNews порталы хабар таратты аталмыш ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып. Нақтырақ айтқанда, мысырлық Абдулла өзінің 36 жастағы көршісін Мина жазығындағы қайғылы жағдайдан кейін іздеп таба алмаған. «Мен барлық емхананы қарап шықтым. Олар маған мәйітханаға баруға кеңес берді. Біз оны тірілердің арасынан да, өлілердің арасынан да таба алар емеспіз», - деді. Тағы бір мысырлық қажы жаралылар мен қаза тапқандар арасынан танысын таба алмай табанынан таусылып жүр. Хабар-ошарсыз кеткен қажының әйелі өзін қоярға жер таппай отыр. Ол тіпті, қажылық парызын толық аяқтаған да жоқ. Тарық есімді мұсылман досының әйелін іздестіріп жатыр. «Ол оны өзі жалғыз іздеп таба алмайды, оның дәрмені құрығаны сондай, оған көмектесуге тура келді», - деп түсіндірді ол өзінің бұл әрекетін. Ал Біләл досының 60 жастағы анасын оның фотосуретін қолына алып іздеп жүр. Мина жазығындағы қайғылы жағдай орын алған кезде досының анасының телефоны өшіп қалса керек. Медициналық мекемелердің басшылары жансақтау бөлімінде жатқан кейбір пациенттердің кім екенін әзірге анықтау мүмкін емесін алға тартып отыр. Өйткені, олардың көбісі арнайы аппараттарда жатыр.