Мешіттердің цифрлы деректер базасы құрылады
|
Әлемде мұсылмандар ең көп шоғырланған Индонезияның дін істері жөніндегі министрлік соңғы жеті жыл бойы мешіттердің ақпараттық жүйесін құру бағытында жұмыс істеп келеді. Бұл арада ел аумағында мұсылмандардың қанша құлшылық үйі барынан әрі мұсылмандардың дені қай өңірде көптеп шоғырланғанынан хабар беретін цифрлы деректер базасы турасында сөз болып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы islam.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш жобаға жетекшілік еткен Фаһри Аппанның айтуынша, бұл бірер күндік өтпелі шара немесе науқан емес, бұл жұмыстың шегі жоқ – мешіттер бұл елде жиі ашылады. Оның үстіне, мусалла – мұсылмандар құлшылық ететін мешіттен тысқары жерлер де есепке алынады. Бұл бағытта 2013 жылы талпныыс жасалған екен – түрлі агенттіктер ел аумағындағы мешіттер санына қатысты ресми анықтамасы жоқ ақпараттар берумен ғана шектелген болатын. Бүгінде мешіттерді түгендеумен арнайы айналысатын MRA-ның 5000 адамнан тұратын жасағы мұсылмандар құлшылық ететін орындарды анықтап жүр. Ел астанасындағы Истиклиал деп аталатын бас мешіттен бастап, мейрамханалар мен мейманханалардағы, сауда-саттық орындарындағы ғибадат ғимараттары мен бөлмелерін (мусалла) анықтау үшін аталмыш жасақ дрондардың көмегіне жүгінуде. Дрондар құлшылық ететін орындарды әр қырынан таспаға тартып алып, мәліметтер базасына жүктейді. Дін істері мен шариғатты дамыту жөніндегі MRA директоры Мұхаммед Ағыс Сәлім мешіттердің бірыңғай ресми каталогы туристер мен ел тұрғындарының бағдар алуына көмектесіп қоймай, сонымен қатар, ел билігінің мұсылмандардың діни қажетін өтеуге қатысты мүмкіндіктерді (мешіттерді кеңейту, жөндеу, кәріз жүйесін тарту, электр энергиясымен қамтамасыз ету, имамдардың біліктілігін көтеру, т.б.) саралайтын платформаға айналуы тиіс.