Мешіттегі қырғын...
|
Жаңа Зеландиядағы мешіт жамағатына шабуыл жасаған қаскүнемнің қолынан cоңғы ақпарат бойынша 49 адам қаза тапты. Бұл жайында Otago Daily Times ақпарат көзі хабар таратты. Ал жарақат алғандардың қарасы 30-дан асып кеткен. Қылмыскерлердің бірі болған жайды таспаға тартып алып, интернетке жүктеген. Ол Австралия азаматы, ультроңшыл тұрғыны болып шыққан. New Zealand Herald ақпарат көзі анықтағандай, қылмыскер осынау қанқұйлы әрекеттің қарсаңында 37 беттен тұратын манифест жариялаған екен. Өзінің әрекетін теракті деп атаған. Крайстчерч қаласындағы әрі қала маңындағы Линвуд елді-мекеніндегі мешітте бесін намазынан шыққан жамағатқа әскери киім киген 30-40 жас шамасындағы ақ нәсілді ер адам оқ жаудырған. Бұл сәтте мешітте 300-ге тарта адам болған. Қылмыскерлердің бірі ұсталды. Жаңа Залендияның премьер-министрі Джасинда Ардерн бұл оқыс оқиғаны ел тарихындағы ең азалы күндердің бірі деп жариялады.