Мектеп оқушыларының ас мәзіріне жәндіктер де кірді
|
Ұлыбританияның мектеп асханаларында оқушыларға ұнтаққа айналдырылған жәндіктен дайындалған тағамдар ұсынылады. Бұл жайында islam.kz порталы Metro ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш жоба осы аптадан бастап жүзеге асырылады. Алдымен Уэлстің төрт мектебіндегі 4-11 сыныпта оқитын балаларға беріледі. Әдетте британдық оқушылар мектеп асханасында макаронмен, лазаниямен, кептірілген картоппен, т.б. тамақтанады. Мамандар мен диетологтардың айтуынша, жәндіктерде ақуыздар мен дәрумендер мол. Ал оларды өсіретін фермалардың құс өсіретін фермаларға қарағанда қоршаған ортаға зияны аз. Дәлірегі, құс өсіретін фермаларға қарағанда көміртекті 75%-ға кем бөледі. Сарапшылардың келтірген дерегіне қарағанда, бүгінгі таңда адамзаттың екі млрд-ы жәндікпен қоректенуге көшкен. Жәндіктермен қоректенетіндердің дені жәндіктерді ежелден ауқат ретінде пайдаланатын елдерде.