Мехикода қала ішінде жеке көлікпен жүруге тыйым салынды (видео)
Мехикода қала ішінде жеке көлікпен жүруге тыйым салынды (видео)
9 жыл бұрын 3063 24.kz mignews.com.ua Т.Әбдіқожаев, Ж.Джазина

Мексика астанасы Мехико қаласында ауаның ластануы шекті деңгейге жетті. Жағдайды ретке келтіру үшін қала басшылығы азаматтардың жекеменшік көлігімен шаһар аумағында жүруіне уақытша тыйым салған. Тұрғындардың дені енді қажет жеріне қоғамдық көлік немесе велосипедпен барады. Олардың ішінде жаңа тәртіпке көндіге алмай жүргендері де аз емес. Қала ішінде жеке көлікпен жүруге тыйым салынды. Ауа ластанған соң осындай ереже қабылданды. Мамандардың бұлай дабыл қағуында себеп те жоқ емес. Ауа құрамындағы улы зат шекті деңгейден екі есеге асып кеткен. Салдарынан 2 миллион көлік қаңтарылып тұр. Енді апта ішінде жүргізушілер өзіне белгіленген күні көлігін тізгіндей алады. «Бұл такси жүргізушілерін тығырыққа тіреді», - дейді Хуан Кастилло. Хуан Кастилло, такси жүргізушісі: - Мен күнделікті ақшамды қала ішінде адам тасумен табатынмын. Мына ережеден кейін кәсібіме күнде шыға алмай қалдым. Өзге жұмыс та жоқ. Енді жүруге рұқсат берген күндері жатпай-тұрмай ақша табуға тырысатын шығармын. Өз көлігін мініп, діттеген жеріне жете алмаған тұрғындар жаппай қоғамдық көліктер мен жалға берілетін велосипедтерге отыра бастады. Дегенмен, ондағы жағдай мәз емес. Такси қызметі екі есеге қымбаттаған. Автобустардың бірінде ине шаншар орын болмай толып келсе, енді бірі уақытынан кешігеді. Ауаға бөлінетін зиянды заттарды азайту мақсатында енгізілген ереже өндіріс орындарын да айналып өтпеді. Заң бойынша енді бұл мекемелер ауаға бөлінетін зиянды қалдық көлемін 30-40 пайзға дейін қысқартуға міндетті. Карлос Антонио Кабаллеро, Инженерия саласын дамыту орталығының директоры: - Өте дұрыс шешім. Мұндай қадамға осыдан бірталай жыл бұрын баруға тиіс едік. Ауаға бөлінген улы газдарға бақылау болмағандықтан, осындай жағдайға тап болдық. Бірақ мен биліктегілер дұрыс шешім қабылдады деп санаймын. Месикадағы ауаның шектен тыс ластанғаны туралы хабар 14 жылдан кейін тағы тарады. Қазір мұнда ауаға зиянды зат бөлетін кез-келген әрекет жасауға тыйым салынған, тіпті жол жөндеу жұмыстары да тоқтатылған. Биліктегілер мұндай шаралардың жаңбырлы маусым басталғанға дейін жалғасуы мүмкін екенін айтып отыр.

 

0 пікір
Мұрағат