Мазасыз мүйіс: Британ мұсылманы отанына орала алмай отыр
Мазасыз мүйіс: Британ мұсылманы отанына орала алмай отыр
10 жыл бұрын 3195

Азаматтық соғыс шарпыған Сирияда босқындарға көмекке келген Британияның гуманитарлық қызметкері Тауқыр шәріп отанына оралу құқығынан айырылды. Ол Түркия мен Сирия шекарасы маңындағы босқындар лагерінде британдық зайыбымен жұмыс істеген. Қазіргі уақытта бір жарым жасқа толған қыздары бар. Британдық құзырлы орган нәрестеге азаматтық бермеуіне байланысты Британия азаматтары болып табылатын ерлі-зайыптылар отанына орала алмай отыр. «Ол не ағылшын емес, не сириялық емес, ол азаматтығы жоқ тұлға. Егер бізге Сириядан кету қажет болса, онда шекарадан өте алмаймыз. Бізге оны заңсыз кесіп өтуге тура келеді, онда бізді түрік сарбаздары атып тастайды»,- деді ашынған қыздың әкесі Al Jazeera ақпарат көзінің тілшісіне берген сұхбатында. Ол қызы 8 айға толғанда оған тиісті құжат алу үшін британдық елшілікте істейтін шенеуніктердің есігін күзетіп, табалдырығын тоздырғанымен бұл әрекетінен қайран болмағанын жеткізді. Қызы Түркияда дүниеге келген, туу туралы куәлігі барын да жайып салды. Ол отағасы ретінде, әке ретінде осынау көзге көрінбейтін бюрократиялық кедергінің кесірінен отбасынан айырылып қалам ба деп қорқады. Бұған себеп те жоқ емес, жуырда босқындар лагеріне әуеден шабуыл жасалды. Нәтижесінде 9 адам опат болған. Құқық қорғаушылардың дерегіне қарағанда бұл әуе шабуылын АҚШ бастаған коалиция күштері жасаған.

 

Дағыстандық студент скинхедтердің қолынан қаза тапты

Санкт-Петербор полициясы қаланың қақ ортасында орын алған жаппай төбелестің неден шыққанын тексеріп жатыр. Осы төбелесте Герцен атындағы педагогикалық университеттің заң факультетінің 19 жастағы дағыстандық студенті Микаил Сайгидалиев алған жарақатынан қаза тапты. Оның жанындағы екі серігін де ұлтшыл тақырбастар пышақтап кеткен. Нақтырақ айтқанда, үстіміздегі жылдың наурыз айының 19-ы күні Питер шаһарының орталығындағы «Галерея» сауда және сауық кешенінің кіреберісінде ішіп алған скинхедтер концерттен қайтып бара жатқан кавказдықтарға соқтығысқан. Ерегестің арты төбелеске ұласқан. «Кавказский узел» ақпарат көзінің хабарлауынша, бұл қылмысты тергеу орны тұрмыстық жанжалға жатқызғысы келген екен. Алайда, артынан куәгерлердің сөзінен белгілі болғандай, аталмыш қылмыс ұлттық бөлінушіліктен орын алған. Аурухана төбелес болған жерден бар-жоғы 300 метр қашық жатса да шақыртқан жедел жәрдем сол күйі келмеді. Бұған қоса, жаралылардың жанынан бірде-бір машина тоқтамай өте шыққан.

0 пікір
Мұрағат