Мәскеу мен Бейжің одақтасуға қадам басты: Орта Азия қауіп мен орайдың жаңа алаңына айналуы мүмкін
Мәскеу мен Бейжің одақтасуға қадам басты: Орта Азия қауіп мен орайдың жаңа алаңына айналуы мүмкін
4 жыл бұрын 5844 Естай Божан

Жаһандық тірестің жаңа бағыты Қытай мен Ресейді өзара одақтасуға итермеледі. Екі күн бұрын Қытайдың Ұлттық ғарыш басқармасы өз сайытында Қытай-Ресей ортасында Айды зерттеу жөнінде халықаралық станция құру туралы келісім жасасқанын, бұған қоса екі елдің ғарыш зерттеу саласында маңызды келісімге қол қойғанын жария етті. Ал, бұдан бірер күн бұрын Бүкілқытайлық құрылтайда Қытай СІМ басшысы Уаң И Ресейді одақ болуға шақыратын маңызды мәлімдеме жасаған еді. Ел іші сыртындағы сарапшылардың пікірінше бұл өзгерістер Орталық Азия елдеріне тікелей әсер етуі мүмкін. Бұл айында qazaqtimes.com ақпарат көзінің талдамалық әрі сараптамалық материалын назарларыңызға ұсынамыз.

Ұзақ уақыттан бері Қытай мен Ресей ортасында саяси-әскери одақтың құрылуы туралы түрлі пікірлер таласты күйде келе жатқан. Екі ел арасындағы сенімсіздік және одақтасуға мүмкіндік бермейтін бірқатар мүдде қайшылықтары туралы да сайтымызда көлемді сараптамалар жазылған болатын. Дегенмен, АҚШ бастаған Батыс елдерінің демократияға қарсы Бейжің мен Мәскеуге бағытталған шектеу, тежеу шаралары бұл екі өңірлік бақталас елдің өзара ынтымақты тереңдетуіне түрткі болғандай.

Державалар екіге жіктелуде

Сейсенбі күні Уашингтондағы беделді сараптама орталығы Брукиңс Институтың семинары өтті. Онда бірқатар батыстық саясаткерлер мен сарапшылар Ресей мен Қытай мәселесін талқылады. Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас АҚШ пен Еуропаны қамтыған Атлант мұхиты жағалауындағы елдерді Ресей мен Қытайдың сын-қатеріне қарсы бірлесіп күресуге шақырды. Оның бағалауынша, Қытай Батыспен текетіресте барған сайын байыпты бола түсті, бұл қайшылықтың ұзаққа созылуына себеп болуы мүмкін. Аталған семинардың пікірлерін ортақтастырсақ, Қытай біртіндеп шиеленіске бой үйретіп, қайшылықты тереңдетуде, ал Ресей болса барған сайын агрессивті бола түсуде.  Осы шартта тараптар Еуропа мен Америка Атлант мұхиты жағалауы елдерін ортақ күш жұмсауға жұмылдыруы тиіс деген ойда. Осының өзі державалардың қос үйекке жіктеле түскенін байқатады. Ол, әрине, өткен ғасырдағы «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарын елестетеді.

Державалардың қорғаныс қуатын арттыруы

Қазіргі әлем жағдайынан қарап отырсақ, адамзат өткен ғасырдағы алапат екі соғыстың сабағын ұмыта бастағандай. Тарих тұп-тура қайталанды деуден аулақпыз, бірақ державалардың жарыса жасап жатқан әрекеттері жаһандық қауіпсіздіктің шындап қатерде тұрғанын байқатады. Жаһандық тірестің бір басында тұрған Қытай экономикадағы болжаусыз кедергілерге, елдегі өндірістің қысқарып, жұмыссыздардың көбеюіне, соған қоса азық-түлік қауіпсіздігінің қатаң сынақтарына қарамастан қорғаныс саласындағы шығындарды қысқарту туралы ойланған жоқ. Құрама Штаттар да соған ұқсас.

Жақында ғана Пентагон Қытаймен негізгі текетірес болып жатқан Үнді-Тынық мұхит аймағында қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Сенаттан 2,2 млрд доллар бөлуді сұрады. Әрі, келесі жылы бұл қаржы көлемін екі есеге, 4,6 млрд долларға дейін көтеруді өтінді. Пентагон есебіне сенсек, алдағы бес жылда «Тынық мұхит тосқауылы» жобасына 27,3 млрд АҚШ доллары жұмсалмақ. Біздің ұлттық қордың үштен біріне жуық осы мол қаржыға АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит қолбасшылық Бас штабы қару-жарағын жаңалап, жаңа әскери базалар салмақ. Бұлар ғана емес, Британия, Франция, Германия, Ресей мен Жапония да былтырдан бері қорғаныс бюджеттерін өсірді. Айталық, Германияның қазіргі қорғаныс шығындары 2014 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көп. Осындай мол қаржылар жаһанның ірі державаларын әскери белсенділікке алып келді. Қытай, Ресей секілді өзінің негізгі стратегиялық қарсыластарына қысымды арттыру үшін Британия, Франция, Германия және өзге НАТО елдері Үнді-Тынық мұхитына әскери күштерін аттандыра бастады.

Ресей-Қытай ықтимал одағы және Орталық Азия

Қытай Халық Республикасының құрылуында Кеңес одағының ықпалы зор болды, бұл – тарихи факт. Алайда, социалистік режимдегі екі елдің қарым-қатынасы баянды болмауы, әсіресе, әлемде капиталистік және социалистік лагер болып бөлініп, тайталасты күйде тұрғанда Бейжің мен Мәскеудің басының бірікпеуінде де батыстық «суық ақылдың» ізін көруге болады. Тіпті, осы Батысқа үлкен қарсылас бола алатын Ресей мен Қытай сынды мол потенциялды елдердің социализмді қабылдап, жаһандық үрдістен бір ғасырдай кері шегініп қалуының өзінде де сыр бар. Қош, айтпағымыз ол емес-ті.

Ең қызығы – Батыс әлемі екеуін де өзіне қауіпті қарсылас ретінде қарастырып келсе де Ресей мен Қытайдың әскери-саяси одақ құра алмауы. Бұның себептерін талдап, осыдан бұрын сайтымызда көлемді материал жарияланған. (Мәскеу мен Бейжіңді бір-біріне деген сенімнен айырған басты себептердің бірқатарына жасаған талдауымызды мына сілтемеден көре аласыздар). Біз бұл арада Қытай мен Ресейдің одақ болуын қалап отырғанымыз жоқ, әрине. Тіпті, бұның бетін аулақ етсін дер едік. Себебі, іргеміздегі екі держава мүддесін ортақтастырса, Орталық Азиядағы онсызда тәуелсіздігі толық бекімеген, экономикасы мен қорғаныс қуаты қауқарлы емес елдердің қақысы қандай саудаға түсерін елестету қиын. Алайда, қазіргі геосаяси жағдай Мәскеу-Бейжің арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге итермелеп отыр.

Қытай өзінің дабыралы съезінде Ресейді революцияларға қарсы ортақ күресуге шақырды. Бұндай мәлімдеме 2001 жылы жасасқан достық және ынтымақтастық туралы келісім мерзімінің аяқталуына тұс келді. Қытай СІМ басшысы Бейжің мен Мәскеу бұл келісімнің уақытын ұзартып қана қоймай, мазмұнын жаңартып, ауқымын кеңейтуге тиіс дегенді ортаға салды. Ресей мен Қытайдың ұстанымдары, саяси практикалары көпке белгілі, оны атап өтіп отырмайық. Ал, екі елдің ынтымақтастықты тереңдетуі жаһандық қайшылықтың сипатын өзгертетінін айтпай болмайды. Ендігі жерде бұл текетірестің форматы да басқаша болмақ. Бізге көршілес екі державаның ынтымақтастығы бізге қалай әсер ететінін бағамдау үшін бұл ынтымақтасу әрекетінің қандай бағытта жүргізілуіне байланысты.

Қытай мен Ресей демократияны желеу еткен түрлі революцияларға қарсы бұрыннан ортақ пікірде болған. Ендігі жерде осы бағыттағы әрекеттерін заң жүзінде бекемдеп, әрі оны ашық ұстанбақ. Осыдан байқауға болады, бұл серіктестік олардың ықпалы басым өңірлердегі  демократиялық процеске кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл ықпалға Орталық Азия ең алдымен ұшырайды. Өңір пост-кеңестік ел ретінде Ресейдің саяси, Қытайдың экономикалық ықпалында. Бейжің мен Мәскеудің келесі қадамдары өңірге тіпті де белсенді ықпал ететінін анық аңғартады. Орталық Азияға ықпал етуші ірі державалар өңірдің тұрақтылығына қаншалық мүдделі болса, өзіне қолайлы биліктің күшті тұруына да соншалық мүдделі. Ал, осы өңірдегі елдерде дерліктей екі державаға да ыңғайлы биліктер салтанат құрып тұр. Түрлі революцияға қарсы ынтымақтастықтың артында елдердің ішкі ісіне де аралсуға деген талпынысты көруге болады.

Мәселенің бізге тиімді жағы

Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасының атап өткендей ынтымақтастық қимылдары бізге өзіндік қиыншылықтар, жаңа сынақтар, тіпті қауіп-қатерлер алып келетінін мойындай отырып, оның өзге қырларын да ескеруге тиіспіз. Қытай мен Ресейдің саяси мінезі, дипломатиялық дәстүрлері де екі басқа. Түптеп келгенде екі елдің әскери-саяси одақ болуының ауылы әлі алыс. Бұлар ағылшын-француз, француз-неміс, АҚШ-жапон секілді ғасырлық соғыстардан кейін де ынтымақтасып, түбірлі одақ болудай практиканы жүзеге асыра алма жоқ, ол да күмәнді. Айталық, орыс-қытай таяу заманғы тарихына қарасақ, екі елдің тонның ішкі бауындай түбегейлі ымыраласып кеткен тарихи практикасы жоқ. Тіпті, орыс-қытай арасында от пен судай отаса алмайтын мүдделік қайшылық да бар. Бұл екеуінің қаншалық жақындаған сайын, соншалық ыдырауға да бейім тұрғанын да байқатады. Кемінде, Азияның қожасы кім болады деген сауалдың өзі екі ел арасына жік салып тұр. Міне осындай, қазіргі қалыптасқан жаһандық жағдайдың бізге беретін сынағы, қауіп-қатеріне қарамастан тиімді жақтары да бардай.

Жоғары да Батыстың Ресей мен Қытайға қарсы ынтымақты бекемдеп жатқанын айтып өттік. Өздерінің дәуірлік қарсыластарын тоқтату үшін Қытай мен Ресейге ілесе Батыстың да қадамдары бұрынғыдан көрі жиі әрі пәрменді бола түседі. Саяси ықпал ету өз алдына, экономикалық алмасулардың да жаңа мүмкіндіктері ашылуы ғажап емес. Осы ауан халықаралық жағдайдың жақын жылдарда аса күрделі болатынын көрсетеді. Демек, біздің билік үшін енді ұйқысын ашып, есін шындап жиюға тура келгендей. Ірі елдердің саудасы мен қақпақылына түсіп кетпес үшін «әу біссімілә» дағдарысқа беттеп бара жатқан ішкі әлеуметтік-саяси жағдайымызді жедел ретке салуы, ары қарай жаңа жаһандық жағдайдың сынағына қарсы тұруға, орайын жібермей ұстап қалуға дайны болуы керек.

0 пікір
Мұрағат