Мәйіттердің ағзалары ұрлануда
Мәйіттердің ағзалары ұрлануда
8 жыл бұрын 3130

Палестина билігі үстіміздегі жылдың қазан айында Израилдің қауіпсіздік күштерінің қолынан қаза тапқан палестиналықтардың ішкі ағзаларын алғанын айтып, айыптап отыр. Бұл жайында «Palestine-Info» ақпарат көзі хабар таратты. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Палестина елшісі Рияд Мансұр Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында израилдік арнайы жасақтың қолынан қаза тапқан палестиналық мәйіттердің ішкі ағзаларының ұрланғанын сөз еткен екен. Алайда, Израил тарапы палестиналықтар таққан бұл айыпты мойындамай отыр. БҰҰ-дағы Израил елшісі Дании Данон осы іргелі ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мунға осы мәселеге қатысты жазған хатында «Бұл күмәнді айыптауға мән бермеуіңізді және палестиналық жетекшілер тарапынан болған жаланы теріске шығаруыңызды сұраймыз» деген. Айта кету керек, Палестина тарапына израилдіктерді мәйіттердің ағзаларының ұрлануына қатысты мәселені бірнеше рет көтеріп, халықаралық ұйымның мінберінен мәлімдеме жасаған болатын. 2009 жылы таралымы көп шведтердің «Aftonbladet» мерзімді басылымы осынау қылмыстың бүге-шігесіне дейін жазған болатын. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі дау-жанжалға себепкер болған еді. Сол кезде Израил билігі ішкі ағзалары ұрланған палестиналық мәйіттердің туған-туысқандарына ақшалай өтемақы беріп құтылған еді. 2014 жылдың тамыз айында «The New York Times» мерзімді басылымы да Израилдің 2000-шы жылдан бастап әлемдік қара базарда адамның ішкі ағзаларының саудасын қыздырып келгенін жазған болатын. Аталмыш басылымның дерегіне қарағанда, Құдыстағы қақтығыс басталған 43 күннің ішінде израилдіктер 85 палестиналықтың өмірін қиған. Олардың 25-інің мәйіті әлі қайтарылған жоқ.

0 пікір
Мұрағат