Кувейтте криптовалютамен байланысты кез келген операцияға тыйым салынды
|
Кувейттің қаржыны реттеуші органы (Capital Markets Authority) ел аумағында криптовалютамен байланысты кез келген операцияға тыйым салатын әрі өзге де цифрлы активтерді заңсыз деп танитын ережені жариялады. Бұл жайында islam.kz порталы rb.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш ережеде қарастырылған талаптарға сай криптовалютамен немесе өзге де цифрлы ақшамен жасалған кез келген операция қаржы жымқыру және терроризмге демеу көрсету қылмыстарымен бірдей қарастырылады. Майнингке, криптовалютаға инвестиция құюға және төлем құралы ретінде токендерді пайдалануға толық тыйым сала отырып, Кувейт билігі компанияларға цифрлық активтерге қатысты қызметтерді көрсетуге мүмкіндік беретін лицензияны беруге тыйым салады. Соңғы жылдары Біріккен Араб Әмірліктері криптоиндустрияны дамытуға шындап ден қойып отырса, керісінше Таяу Шығыс аймағындағы өзге елдер электронды ақша жобасына күмәнмен әрі сақтықпен қарайды. Тек Кувейт қана емес, сонымен қатар, Саудия мен Катар да криптовалютаны сатып алуға әрі сақтауға тыйым салған елдер.